Ақбөкендерді атып азайтатын болды
"Қызыл кітаптағы" тағы бір жануар - ақбөкендерді Үкімет ақыры атып азайтатын болды. Алдымен нысанаға алынатын Орал өңірінің киіктері. Экология министрлігі ақбөкендердің осы популяциясы тым көбейіп кеткен деп отыр. Сондықтан 80 мың басын атуға рұқсат берді.
Автор: Елдос Есенбол
29.06.2022
Серікқали Бірекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
- Биобазалау аяқталды. Ғалымдардың айтуынша, киіктердің санын реттеу керек. Өйткені шамадан тыс көбейіп кеткен. Реттеу Орал өңірінде жүргізіледі. Қазір онда 800 мыңнан астам киік бар, шамамен 10 пайызы реттеледі. Бұл дегеніңіз 80 мың бас.
Ал, атылған ақбөкендердің етін ит-құсқа жем қылмаймыз дейді Бірекешев. Министрдің сөзінше, олар бірден ет комбинаттарына жөнелтіліп, кейін өңделеді. Бұған дейін депутаттар киіктің етін консервілеуді ұсынған. Экология министрі ақбөкендерді атуға шешім қабылдамастан бұрын басқа амалын қарастырып көрдік дейді. Тіпті Ресеймен шекараны ашып киіктерді солтүстіктегі көршінің жеріне көшіруге де тырысыпты. Бірақ, жануарлар табиғи мекеніне қайтып келе береді екен. Бүгінде елдегі киіктің саны 1 миллион 300 мыңға дейін жеткен. Бұл әлемдегі киік популяциясының 95 пайызы. Дала жануары егістік алқаптарын таптап, шығынға батырды деп шаруалар соңғы уақытта шағым айтып жүр. Желдей жүйрік киікті тұсап ұстауға келмегендіктен ату жалғыз амал дейді Серікқали Бірекешев.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!