Алматылық зейнеткер алаяқтарға алданған
Алаяққа өз қолымен бүкіл ақшасын санап берген алматылық зейнеткер тақырға отырды. 62 жастағы әйел банктың атын жамылған бейтаныс адамға 3 бірдей банктен несие алып, жалғыз баспанасын сатқан ақшаны да қоса аударған. Алаяқтар бұрыннан бегілі схемамен зейнеткерді арбаған. Есепшоттағы ақшаңызды әлдекімдер шешіп алуға талпынып жатыр, Солардың жолын кесу үшін біздің айтқанымызды істейсіз деген. Оларға имандай сенген Вера Канарова енді 3 банкке 2 жарым млн теңге қарызы аздай, басындағы баспанасынан да айырылып қалды.
Автор: Салтанат Шырынхан
29.06.2022
Бұл жолғы алаяқтар да бесенеден белгілі жүйемен жұмыс істеген. Тек күннен күнге адамды сендірудің түрлі тәсілдерін жетік меңгеріп барады. Қулығына құрық байламағандар 62 жастағы Вера Канарованы да қақпандарына оп-оңай түсірген. Өзін банк қызметкерімін деп таныстырған азамат шотынан алаяқтар ақша ұрлағалы жатқанын айтыпты. Алдын алу үшін қаржыны шешіп, өздері көрсеткен банкке салу қажет. Ол сақтандыру шоттарына барып түседі деп сендірген.
Вера Канарова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Өзін полиция қызметкерімін деп таныстырды. Алаяқтардың кезекті құрбаны мен болып тұрғандықтан көмектесуімді сұрады. Банк қызметкері қаржыңызды қадағалайды. Ал біз алаяқтарды ұстаймыз деді. Іле шала менеджермін деп қоңырау шалған азамат полицей жігіт келтірген деректер мен табельдік сандарды тізіп берді. Тіпті жеке мәліметі мен суретін де құжат күйінде жіберді. Екеуінің сөзі бірбірімен сәйкес келгендіктен сеніп қалдым.
Әккі айлакерлер дәл осындай жолмен тағы үш банктен де несие алуға көндірген. Яғни банктің қарыз ақша беретін шектеуін өзі қолданбаса, алаяқтар алдын орап кетеді екен. Қай мекемеге баратынына дейін қаржы қарақшылары таңдап беріпті. Осылайша сан соғып қалған қарияның қайғысы бұл ғана емес. Тіпті басындағы баспанасынан да дәл осылай айырылып отыр.
Бүгін олардың бұл пәтердегі соңғы күндері. Үйді босатып, жаңа иелеріне кілтті табыстайды. Өйткені сатып алушылармен анасы бетпе бет кездесіп, келісімнің барлығын заң жүзінде жасаған. Артынша 20 миллионға бағалаған баспанасының ақшасын банкке өз қолымен апарып , алаяқтардың шотына құяды. Бүкіл ақшаны аударғанша туған балаларына да тіс жармаған.
Рамиль Гаязов, ұлы:
- Анама барлық бағдарды алаяқтар көрсетіп отырған. Ең басында пәтеріңізді алаяқтар бұғаттап, 15 миллионға кепілге бермекші. Тез арада сатып, ақшасын сақтандыру шотына қойып қойыңыз. Алаяқтарды ұстаған кезімізде біз сізге сол ақшаны қайтарып береміз депті. Бұған қоса, анама сіз бізге куәгер ретінде көмектесіп жатқандықтан ешкімге тіс жармаңыз. Әйтпесе бұл туралы білген адамдар жауапқа тартылады деп қорқытқан. Сол себепті біздің ештенеден хабарымыз болмай қалды.
Айтуынша несиені алдырып, үйді сатуға итермелеген әу бастағы сол екі-үш адам. Тіпті оңай жолмен олжа табуды көздегендер қомақты қаржыны бөліп-бөліп аудартқан. Қазір тақырға отырған отбасы полицияға арыз жазуда.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ПД ресми өкілі:
- К есімді азаматшаның арызы Алмалы аудандық полиция басқармасында қылмыстық кодекстің 190-шы бап, 4 тармағы бойынша тіркеліп, қазіргі таңда сот алды тергеу амалдары басталды. Осы іске қатысы бар тұлғаларды анықтау және оны қылмыстық жауапкершілікке тартуға бағытталған іс-шараларды арнайы тергеу тобы жүзеге асыруда.
Осылайша полиция департаменті алаяқтарға алданып қалмас үшін ешкімге жеке ақпаратты бермеуіді сұрайды. Күмән тудырар белгісіз адам хабарласқан жағдайда сөйлесуден бас тарту керегін тағы ескертеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!