Әлемдегі геосаяси ахуал әлі ушығып тұр
Әлемдегі геосаяси ахуал әлі ушығып тұр. Тежелген тауар айналымынан бөлек, оны тасудың өзі түрлі қиындыққа әкеп соғуда. Батыстың Ресейге салған санкцияларының ұшы елімізге тигені де жасырын емес. Бұл әрине Қазақстан экономикасына айтарлықтай соққы. Түрлі сын-қатер мен мүмкіндіктерді бағамдаған ел билігі мұны ескеріп, тығырықтан шығуға тырысып жатыр. Санкт-Петербургтегі экономикалық форумда президент бұған қатысты бірқатар ұсынысын жіліктеп айтып берген болатын. Әсіресе, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге тиімді тұстарын тізбектеді. Экономика мен саясатты зерттеп жүрген отандық сарапшылар, депутаттар президенттің ұсыныстарын қолдайды. Бұл қазақ экономикасын дамытуды көздейтін пікір дейді олар.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
29.06.2022
Бір деммен өткен Петербордағы экономикалық форумда біраз дүние айтылды. Әсіресе, Қазақстан Президентінің ойлары мен ұсыныстары пікірталас алаңдарында әлі күнге шейін талқылануын тоқтатқан жоқ. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге, соның ішінде сан түрлі санкцияның астында қалған Ресейге Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынғаны - Азия мен Таяу Шығыстың нарығына шығу. Бұл елдермен тығыз байланыс орнатудың тиімді тұстары көп.
Президент пікірінше, алдағы он жылда Қытай, Үндістан, Таяу Шығыс, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері экономикаға қаржы салатын ірі инвесторлар болуы мүмкін. Қазір Қытай Қазақстанның экономика мен сыртқы сауда саласындағы сенімді серіктесі. Соңғы 15 жылда ел экономикасына 22 миллиард доллардан астам инвестиция салынған. Сондықтан еліміз президент айтқандай, Азия мен Таяу Шығыс елдерінің арасын жалғаушы нарықтың рөлін атқара алады.
Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты:
- Қазіргі кезде батыс елдерінің көбісі Ресейге халықаралық экономикалық санкцияларды жарияласа, Президент Тоқаев бұл кезде Ресейге Азиядағы мемлекеттермен, шығыс мемлекеттермен, оның ішінде Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты дамытуды ұсынды. Қазақстан қазір осы халықаралық сахна, халықаралық аренада және де тіпті, Еуразиялық экономикалық одақ ішінде де өзінің салмағын, беделін меніңше күшейтті деп айтуға болады.
Қазақстан үшін Еуразиялық экономикалық одақтың орны бөлек. Одаққа мүше барлық елдің экономикасының жиынтық көлемі қазір 2 триллион доллардан асады. Бұл – еркін тауар айналымы, капиталы және жұмыс күші бар өте үлкен нарық. Ал Ресей Қазақстан үшін басты сауда-экономика саласындағы серіктес. Былтыр екі елдің өзара сауда айналымы үштен бірге артып, 24 миллиард долларға жеткен. Осы одақтан шығу - елімізге ауыр соққы дейді отандық сарапшылар.
Никита Шаталов, саясаттанушы:
- Мен Еуразиялық экономикалық одақтан шығудың қандай болатынын елестете де алмаймын. Шекаралас жатқан соң, азаматтарымыз емінеркін қатынап, сауда-саттық жасап, демалу үшін барып келіп жүр. Одақтан шығу тек экономикаға емес, адамдардың жағдайына қатты әсер етеді. Павлодар, Қостанай, Орал, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Атырау сияқты қалада тұратындар үшін қиын болады. Ресей біздің көрші, біз басқа глобусқа ауыса алмаймыз. Көршілермен тату-тәтті тұруға тура келеді.
Қазақстан экономикалық қана емес, әскери одаққа да мүше. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы алғаш рет қалай әрекет еткенін Қаңтар оқиғасы кезінде көрді. Өз миссиясын жалғастыра отырып, еліміз бұл одақтан шығуды да ойлап отырған жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!