Тұздыбастаулықтар тіршілік нәрінен тарығып отыр
Аптап ыстықта ішерге су жоқ! Алматы облысындағы Тұздыбастау ауылына жақында қосылған елді мекен жұртшылығы ауыз судың зардабын тартып отыр. Тіршілік нәрінен тарыққан тұрғындар су құбырын да өз қаражаттарына тартқызыпты. Бірақ одан тамшылап аққан су тұрғындарды титықтатқан. Күннің ыстығында аңқасы кеуіп, амалы таусылған жұрт орталық су жүйесіне қосылу арманға айналды деп күйінеді.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
29.06.2022
Тұздыбастау ауылына кейіннен қосылған 150-ден астам үйдің тұрғындары бес жылдан бері ауыз судың зардабын тартып келеді. Аптап ыстықта аңқасы кепкен жұрт жергілікті биліктен қайыр болмаған соң өз қаражаттарына су құбырын тартқызыпты. Бірақ оның өзі сыздықтап ағып, тұрғындарды титықтатып біткен.
Мереке Кәленова, Тұздыбастау ауылының тұрғыны:
- Қырық күн шілдеде су жоқ үйімізде. Суды сатып әкеп отырмыз. Дүкеннен 56 литрлеп. Одан басқа су ақпайды. Жуынбаймыз біз деген. 02.42 Мына судың құбыры дұрыс емес. Тексерсін. Бақылау жасасын. Ешқандай су келіп тұрған жоқ. Су керек.
Тұрғындар аптасына бір рет тамшылап ағатын суды бос ыдыстарға толтырып алуға тырысады. Бұл тіршілік нәрі жуыну мен ішуден артылмайды екен. Бұл жерде көкөніс пен жеміс-жидек өсіру тіптен қиын. Себебі, жаңбыр жаумаса өнімдер дәл осылай қурап, қарашаның еңбегі еш кетеді.
Роза Бөркенбаева ауласындағы ұлтарақтай жерге қияр, қызанақ егетін ауылдағы санаулы жандардың бірі. Бірақ келіншек көкөністі суаруға келгенде су таппай сергелдеңге түсетінін жасырмайды.
Роза Бөркенбаева, Тұздыбастау ауылының тұрғыны:
- Өткен жылы барлығы қурап кетті. Жаңбыр да болмай. Қайта осы жылы жаңбыр болып, көмектесіп жатыр. Қиналып кеттік. Түнімен ұйықтамаймыз. Халық жүгіріп жатыр. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Анау анаған, мынау мынаған жібереді.
Елді мекенде жақында монша, бассейні бар демалыс орны ашылған. Халық бизнес нысаны барлығына ортақ су құбырына қосылғаны жағдайды қиындатып, жығылғанға жұдырық болды деп кіжінді.
Талғат Әлімқұлов, Тұздыбастау ауылының тұрғыны:
- Көшенің құбыры біреу ғой. Сол құбырдан екі жерден қосылып саунаға су кіріп отыр. Сауна, мейрамхананың бізге қажеті жоқ. Бізге тек қана су керек. Біздің құзырымызда емес деп қашқақтайды. Осы салынған кезде құжат жасаған кезде жауап беру керек қой.
Тұрғындар «Талғар су» жүйесіне қосылған. Мемлекеттік мекеменің өкілдері бар кінәні халықтан ақша жинап, су құбырын тартқан жекеменшік компанияға сілтей салды.
Кеңес Сүлейменов, «Талғар су» мекемесінің бас инженері:
- Бұл кісілердің құбырлары снипқа сәйкес келмейді. Басы 63 ортасы 50 одан кейін 40 одан кейін 32 арты 25. Біз үш есе артық су беріп жатырмыз. «Алматау» мен «Нұрия» деген ықшамаудандар бар. Оларға 4 давлениямен 9 қабатқа су жетіп отыр. Бұл кісілердің құбырлары ауыспайынша су болмайды бұл жерде.
Бұқараның базынасын тыңдауға келген Тұздыбастау ауылдық округінің әкімі тұрғындарды тұқыртқан түйткіл жыл соңына дейін шешіледі деп сендірді.
Мирас Баймолданов, Тұздыбастау ауылдық округінің әкімі:
- Ауылдың су мәселесін шешу үшін бізде қазір жаңа жолақ салынып жатыр. Айсұлу деген ықшамауданда үлкен су кернеуіш мұнара салынып жатыр. 10 мың кубқа арналған. Құрылысы бітеді жылдың аяғына дейін. Сол кезде су беру жүйесі кішкене жақсарады.
Шенеуніктің жауабы көпшіліктің көңілінен шықпады. Күннің ыстығында қаталап қамыққан тұрғындар «Алматы су» мекемесіне қосып беруді талап етеді. Шыдамы таусылған тұздыбастаулықтар талабымыз орындалмаса жанайқайымызды жаңадан тағайындалған Алматы облысының әкіміне жеткіземіз деп тарқасты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!