{metadescription}
Депутаттар каникулға кетті
Депутаттар каникулға кетті

Депутаттар каникулға кетті

Үкімет кезекті рет сынға қалды. Депутаттар заң шығару ісіндегі шенеуніктердің жайбасарлығына, отырыстарға дайындықсыз келетіндіретіне қапалы. Тіпті, солардың кесірінен кейбір заң жобалары кешіктіріліп қабылданған. Жазғы каникулдан шыққанша, Министрлер кабинеті ширасын деді ме екен депутаттар көңілдері толмайтын осындай дүниелерді жіпке тізді. Бүгін Парламенттің қос палатасы екі ай демалысқа шықты. Кетер алдында, Мәжіліс пен Сенат бірлескен жиын өткізіп, жылдық жұмысты қорытындылады. Олар үшін екінші сессия Конституцияға айтарлықтай өзгеріс енгізіп, тарихта қалғанымен ерекше.

Бүгін депутаттардың көңіл-күйлері көтеріңкі. Асығып, көптен күткен жазғы каникулға да жетті. Отырыс залына папкаларын асынып, Үкімет мүшелері де келді. Қос палатаны демалыстарына шығарып салуға төрт көзі түгел жиналған атқарушы билік бар реніш ұмытылды деп ойлағандай. Бірақ, олай емес.

Ерлан Қошанов, Мәжіліс спикері:

- Жүйелі кемшіліктердің бірі – дұрыс жоспарламау, заң жобаларының жеткілікті пысықталмауы және дайын болмауы. Үкіметтің көбінесе мерзім жақындаған кезде белсенділігі арта бастайды. Мұны, әдетте, жылдың немесе сессияның соңында байқауға болады.

Алдарына жүз келіп жүрген Үкіметтің кесірінен тіпті, кейбір заң жобалары уақытылы қабылданбапты. Мәселен, бала құқығы туралы заң жобасының жауабын 5 айға кешіктірген. Ұзақ уақыт қараған бұл құжат 2 жылдан кейін күшіне еніпті. Атқамінерлердің отырыстарға келіп тұрып, жазбаша жауап береміз дейтіні де депутаттарды шаршатқан.

Жанарбек Әшімжан, Мәжіліс депутаты:

- Мәжіліс жиынына дайындалмай келеді. Сұрақтарға. Сосын мемлекеттік тілде жауап беруде де шорқақ. Нақты қойылған мәселе төңірегінде көп жағдайда жазбаша түрде жауап беруге рұқсат сұрайды. Ондай болса, Үкімет міне тұр, парламент міне тұр, бірбірімізге хат жазып отыра берейік ендеше жұмыс бітпейді ғой. Соған қатысты депутаттар тарапынан көңіл толмаушылық болған.

Депутаттардың шенеуніктерге бұлай шүйлігуі екі айда тәртіптерін түзесін, ширақ болып, еттері тірілсін дегені болар. Онсызда екінші сессияның жүгі жеңіл болмаған сынды. Қос палата 78 заң жобасын қабылдаған.

Мұхтар Жұмағазиев, Сенат депутаты:

- Шаршамадым деп айтпа, айтуға... Енді қалай айтуға болады? Бұл жерде шаршау жоқ. Егер өзінің жұмысың ұнаса, өзің соған қызығушылық жасасаң, өзің кішкентай да болса, халқыңа, еліңе үлесіңді қосып жүрсең, ол қандай шаршау болады.

Жаңа жыл, әсіресе қаралы қаңтардан кейін парламенттегі өмір 180 градусқа өзгерді. Сенатор Нұрлан Әбдіров Орталық сайлау комисиясынының төрағалығын, Мәжіліс депутаты ретінде екі ай жұмыс істеген Саясат Нұрбек жаңа оқу-ағарту министрлігінің басшылығын қолға алды. Елімізде жаңадан құрылған Ұлытау облысының әкімі де парламенттің бұрынғы депутаты Берік Әбдіғалиұлы. Биылғы сессия даулы оқиғалармен емес, ел үшін маңызды дүниелермен тарихта қалды. Президент бастама көтеріп, Парламент қолдап, Қазақстанда жалпыхалықтық референдум өтті. Жылдық жұмыстарын бір сағатта қорытқан депутаттар жапа-тармағай шығуға асыққанда, кіре-берісте журналистердің "құрығына" ілінді. Жазғы каникулда парламенттегілер шетелге бармаймыз деп сендірді. 

Ақмарал Әлназарова, Сенат депутаты:

- Мен Алматы қаласындағы шипажайға бар, сол жаққа барып келемін.

Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты:

- Мен Алматы қаласына, атаанамның қасына, Түркістан облысына барамын. Ол жақта да ата-апам тұрады. Сол жақтың тумасымын. Қатты бір жоспар жоқ. Алакөлге барып шомыламыз деп ойлап жатырмыз. Балқашқа баратын шығармыз осындағы. Кішкентайларымыз бар, олармен шетелге шығуға қорқамыз. Ұшақтар ұзақ қой. Приличные отпускные. 3 зарплаты. Это порядка 2,5 млн теңге выпали.

Депутаттар демалысқа кетпес бұрын аймақтарды аралап, сайлаушылармен кездеседі. Шілдені соған арнап, тамызда аяқтарын аспанға көтеріп, демалып жатпақ. Телефондарымыз қосулы болады деп ақталды.

Әзірге мынау тұрған Сенат пен Мәжіліс ғимараты уақытша бос. Енді депутаттар жұмысқа оқушылармен бірге бірінші қыркүйекте оралады. Келе сала қос палата жаңа сессияда 20-дан астам жаңа заң жобасын әзірлеп, қабылдаулары қажет. Прокуратура, омбудсмен, сайлау, саяси партиялар туралы және басқа заңдарға өзгерістер енгізіледі.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде