Қазақстандықтарға бетперде кию міндеттелуі мүмкін
Қазақстандықтар медициналық бетперде киюге қайта міндеттелуі мүмкін. Егер коронавирусқа шалдығу көрсеткіші қайта өршісе, ведомствоаралық комиссия шұғыл шараларға көшеді. Өйткені, тек өткен тәулікте 137 адамнан Covid-19 анықталған. Бір күн бұрын 110 еді.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
30.06.2022
Соңғы рет күніне жүз шақты адамның ауырғаны наурыз айында тіркелген екен. Енді міне вирус қайта күш алып, Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары «сары аймаққа» өткелі тұр. Бұл қалалардағы ауру көрсеткіші өзге өңірлермен салыстырғанда едәуір көп. Дәрігерлер мұны еңбек демалысының басталғанымен, көп отандастың шетелге барып-келгенімен байланыстырады. Бір жағынан, маусым айының басында ПТР тестілеудің теріс нәтижесі бар анықтаманы немесе вакциналау құжатын сұрау талабы алынып тасталғаны да жағдайды өзгертіпті. Әзірге қатаң карантиндік шаралар сөз болып отырған жоқ. Алайда, эпидемиологиялық ахуал коронавирус бойынша ведомствоаралық комиссияның қатаң бақылауында.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Басында 30 болды, сосын 70-ке, қазір 100-ге жетті. Өсу қарқыны жоғары. Сондықтан күн тәртібіне енгізілді. Ведомствоаралық комиссияның отырысына карантиндік шараларды күшейту мәселелерін ұсынамыз. Тек бетперде емес, жалпы шараларды қарастырамыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!