Алматыда лифтіге мінген жігіт бір ажалдан аман қалды
Алматыда лифтіге мінген жігіт бір ажалдан аман қалды. Жеделсаты 20 жастағы тұрғынды қас-қағым сәтте төменнен 25-қабатқа жоғарғы жылдамдықпен көтеріп, үйдің төбесіне соғылып бір-ақ тоқтаған. Салдарынан Темірлан Хван түрлі жарақат алды. Оқыс оқиға болған элиталық тұрғын үй кешенінің жұрты лифті жиі істен шығып, талай мәрте үрейімізді ұшырды деп шулады. Қазір осы оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылды.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
30.06.2022
- Лифт ұшты 25-ші қабатқа.
Қараңғы лифтіде қамалған Темірлан Хван бір ажалдан аман қалғанын ұялы телефонына түсіріпті. Жеделсаты төменнен 25 қабатқа жоғарғы жылдамдықпен зуылдап көтерілгені жас жігіттің көз алдынан әлі кетер емес.
Темірлан Хван, Алматы қаласының тұрғыны:
- Әйеліммен балашағаммен төртеуіміз бірінші қабатқа түстік. Бірінші қабатта апам мен әйелім шықты. Қарындасым лифтіде қалды. Лифт жабылмай өз-өзінен жоғарыға кетті. Қарындасым шықты секіріп. Сосын мен өзім кеттім. Жетінші қабаттан бастап тез көтеріліп, 25 қабатта төбеге ұрылды. Төбеге өзім де ұрылдым. Арқаммен, басыммен, мойныммен.
Жарты сағаттан кейін тұрғындар есігі жабық кабинаның ішінен 20 жастағы жігітті әрең алып шыққан. Қатты соққыдан түрлі жарақат алған Темірлан кешегі оқиғадан кейін лифтіге жақындауға қорқып қалғанын жасырмайды.
Бұл тұрғын үй кешенінің әр подьезінде үш жеделсатыдан бар. Оқыс жағдай кеше дәл осы үлкен лифтіде болған. Қазір техникалық тексеріске байланысты тоқтап тұр. Қашан қосылатыны әзірге белгісіз. Екі күнде бір бұзыдатын лифтіге кіруге тұрғындар жүрексініп қалған.
Бай-бағландар тұратын «Мега Тауэрс» элиталық кешеннің жұрты жеделсатының мінсіз жұмыс істегенін көрмепті. Қорқынышты дыбыстар шығып, кенет тоқтап қалатын лифт қарашаның талай мәрте үрейін де ұшырған.
Гүзәл Насибулина, Алматы қаласының тұрғыны:
- Лифтер бір істейді, бір істемейді. Тоқтап қалады. Есігі жөндеп жабылмайды. Лифтер барлығы ескі. Сол үшін жаңарту керек. Қазір балалар түседі қорқамыз. Баламен бірге түсу керекпіз.
Осы жеделсатының жұмысына жауапты компания басшысы мән-жайды телефонмен түсіндіруге ғана жарады. Ол лифтінің істен шығуына аптап ыстық пен электр кернеуінің құбылуы себеп болуы мүмкін дейді.
Сергей Внуков, «ЛифтКомплекс» ЖШС директоры:
- Оқыс оқиғаға екі фактор әсер етуі мүмкін. Біріншісі күн күрт ысығаннан құрылғылар орналасқан жерде ауа температурасы көтерілген. Екіншісі электр кернеуінің өзгеруінен. Біз жеделсатыны үнемі жөндеп тұрамыз. Соңғы рет осы тұрғын үй кешеніндегі лифтінің троссын ауыстырдық. Бұл көп шығын кететін шаруа.
«ЛифтКомплекс» серіктестігі оқыс жайттан зардап шекккен жігітке көмек көрсетуге дайын екендерін жеткізді. Енді осы оқиғаның себеп-салдарын арнайы комиссия анықтайтын болады. Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы қауіпсіздік мақсатында шаһардағы сапасы сын көтермейтін жеделсатыларды тағы бір мәрте тексеруді жоспарлап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!