Алматыда моланың маңында тұратын халық бас көтерді
Алматыда моланың маңында тұратын халық бас көтерді. Олар үй іргесіндегі бейітке биік қоршау орнатып беруін сұрайды. Өйткені күн сайын жерлеу рәсімін көрген балаларымыз түнде шошып оянатын болды дейді. Жазда жасыл желек жауып тұрғанымен, қысқы уақытта мәйітті жер қойнына табыстауға жиналғандардың жылап-сықтағаны анық көрінеді деп ашынады.
Автор: Салтанат Шырынхан
30.06.2022
Татьяна Кулькинаның бұл үйде тұрып жатқанына 30 жылға жуықтаған. Ол өзеннің арғы бетіндегі бейіттің осыдан 15 жыл бұрын пайда болғанын айтады. Ал соңғы жылдары көлемі тіптен ұлғая түскен. Енді ауласына қарай жақындап жатқан қорым өзен жағасына жетіп, жағалаумен бірге құламаса екен дейді.
Татьяна Кулькина, Алматы қаласының тұрғыны:
- Өзеннің жағалауы опырылып жатыр. Ал бейіт соған қарай жақындай түсуде. Бұл экологиялық тұрғыдан да дұрыс емес. Барлығы суға қарай құлап кете ме қорқынышпен өмір сүреміз. Демек ол кезде ағынды суда таза болмайды деген сөз. Қарасудан басталып, бір шақырымға дейін созылып жатыр. Жанымызда жаңармай құю бекеті бар. Оның да айналасы қазір қазылуда.
Бұл мәселеге қатысты тұрғындар аудан басшыларына бірнеше рет хат жазған. Бірақ нақты жауап алған бірі де жоқ. 20-дан астам отбасы бейітті бойлай қоршайтын бір қорған орнатып берсе екен деп отыр.
Александр Гуров, Алматы қаласының тұрғыны:
- Бейіт басындағы барлық жерлеу рәсімі тура көз алдымызда өтеді. Оны біз ғана емес, балаларымыз да қарайды. Тіпті түнде шошып оянып, жылап шығады. Ойнап жүріп өзен асып кетіп қалмаса деп қорқып отырамыз. Қазір жаз болып, қайта ағаштар жауып тұр. Қыста апанық көрінеді. Мұны шешудің бір жолы болу керек қой. Тым болмаса биік қорғанмен жауып қойса екен.
Арнайы жерлеу рәсімі комбинатының қызметкерлері халықтың шошуына еш себеп жоқ дейді. Олар төрт жарым гектар аумақта ешқандай заңбұзушылық болмағанын айтып отыр. Яғни әкімдік бөлген жерге ғана марқұмдарды жерлеуге рұқсат береді екен. Бірақ қоршау салуды құптамай отыр.
Марат Исмаилов, Алматы қаласы «Мамандандырылған жерлеу қызметтері комбинаты» ЖШС директорының орынбасары:
- Неге мемлекет бір шақырымға жуық аумаққа ақша жұмсап, оны қоршаумен қоршау керек. Бұл бейіт адамдар мен көліктер жүретін жолда орналасса онда халықтың талап етуіне негіз бар. Жанында өзен бойлай ағып жатыр. Ал ол сулы әрі сайлы жерге апарып біз қалай цемент құйып, темір бетондарды орнатамыз? Ол таптаза шығын.
Қараша қалайда қорымды қоршатпай қоймаймыз дегендерінен таңбайды. Қазір олар Алматы әкімдігі мен прокуратуға жіберетін арыздарын дайындауда.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!