Киіктерден шаруалар 78 миллиард теңге шығынға батыпты
Киік атуға жарияланған мораторий тағы 2 жылға ұзартылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Экология министрлігі хабарлады. Ақбөкендердің басы көбейді деп атуға рұқсат берген ғылыми ұйымдар биологиялық негіздемеде мораторийді ұзартуға болатынын да көрсетіпті.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
01.07.2022
Бауыржан Исахаев, ҚР Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы:
- Негіздеме бойынша 2025 жылға дейін созу қарастырылуы мүмкін. Өйткені, жаңа айтқанымыздай, біз олардың жерін тартып алдық. Сол себептен бұның барлығы толық зерттелуі қажет. Бұрын өтетін жерлерін қайтарып береміз ба, ол болашақта қарастырылуы қажет.
Экология министрлігінде қазір киіктерді атуға қатысты мәселе қызу талқылануда. Елімізде кезең-кезеңімен жарияланған мораторий ақбөкендердің көбеюіне жағдай жасаған. Қазір қазақ даласында бір миллион 300 мыңдай бас киік бар. Дала жануары санының өсуі қуантарлық жайт болғанымен, кей аймақтарда олар егістік алқаптарын таптап, шаруаларды зар қақсатып жатыр. Әсіресе, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстарында. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, киіктерден былтыр шаруалар 78 миллиард теңге шығынға батыпты. Сондықтан, Үкімет 90 мыңдай бас ақбөкенді алдағы күзде атуды жоспарлап отыр.
Мұрат Іргебаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі департамент директорының орынбасары:
- Киіктер 1,3 млн. гектар жерді таптады. Бір гектар жердің орташа өзіндік құнын есептек көрелік. Бұл былтыр шамамен 60 мың теңгені құрады. Сонда шаруалар 78 млрд.теңге шығынға ұшырады. Биылғы шығын егінді жинағаннан кейін есептеледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!