{metadescription}
Оқушылардың жазғы каникулын екі айға қысқарту керек
Оқушылардың жазғы каникулын екі айға қысқарту керек

Оқушылардың жазғы каникулын екі айға қысқарту керек

Оқушылардың жазғы каникулын екі айға қысқарту керек. Білім саласының мамандары соңғы кезде осыдай бастама көтеріп жүр. Өйткені, тым ұзақ демалған бала оқығаны мен тоқығанының төрттен бірін ұмытып қалады екен. Егер бұндай жаңашылдық күшіне енсе соңғы қоңырау мамырда емес, шілдеде соғылуы әбден мүмкін. Ал ата-аналар бұған не дейді? Оқу-ағарту министрлігі қандай шешім қабылдамақ?

Қазір балалардың құлақ тұндырар шуынан ұстаздар ғана емес, парталар да демалып тұрғандай. Елдегі барлық мектепте үш ай бойы мүлгіген тыныштық орнайтынына мұғалімнің де, оқушының да еті үйренген. Бірақ, бәлен жылдан қалыптасқан бұл норма өзгеруі мүмкін. Өйткені білім саласының мамандары бізде оқу жылы қысқа, ал демалыс ұзақ дейді.

Арайлым Мағзұмова, Binom School атқарушы директоры:

- Біздің еліміз оқу жылы ең қысқа мемлекеттердің бірі. Қазір 34 апта. Ал, жазғы демалыс керісінше ең ұзақ 130 күн. Салыстырмалы түрде Израилде жазғы каникул 84, Оңтүстік Кореяда 90, Жапонияда 102 күн. Зерттеулер бала ұзақ үзілістен кейін алған білімінің 25 пайызын ұмытып қалатынын көрсетті. Сондықтан елдегі оқу жылын 38 аптаға дейін ұзартуды ұсынамыз. Яғни сабақты 15 тамыздан 5 маусымға дейін қылу керек. Немесе дәстүрлі түрде қыркүйекте бастап 20 маусымда аяқтауға да болады.

Бұндай жаңалықты естіген қоғамның пікірі екіге жарылды. Баласын жетектеген ата-аналар не дейді екен деп біз де сұрап көрдік. Бірі тоғыз ай терлегені де жетеді, білім оқумен емес, тоқумен өлшенеді десе...

Балғын Сауытова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Оған қарсымын. Балалар демалу керек. Күш жинау керек. Айналасын тану керек. Бар жаққа жүру керек. Сол кезде ғана бала дамиды. Тек қана сабақ оқи бермей.

Енді бірі үшін  ертеден қара кешке дейін жұмыста отыратын әке-шешеге бұл оңтайлы шешім. Өйткені, оң-солын танымаған жеткіншектің үйде қараусыз қалғаны көңілдерін күпті қылады екен. Перзентіміз уақытын ойнаумен емес, ойлаумен өткізсе құба-құп дейді.

Әсел Көпей, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Балалардың маусымда оқығанының жақсы жағы бар. Олар мектепте, ұстаздардың қарауында болады. Қосымша сабақ оқиды. Әйтпесе таңнан кешке дейін жұмыс істейтін атааналарға қиындық туғызады. Бала күтушісі мен әжесі жоқтарға оңай емес. Мысалы біздің әжеміз ешжерде жұмыс істемейді. Бала бағу үшін үйде. Бұл жағынан  қарағанда оқу жылын ұзартудың пайдасы бар.

Ақырын жүріп анық басқан ұстаздардың бұған айтар өз уәжі бар. Айнаш Қалиева жарты ғасырға жуық уақытын бала тәрбиесіне арнаған. Білім беру саласының ардагері. Оқу жылын ұзартуға ол үзілді-кесілді қарсы. Біріншіден біздің оқушылардың таным-түсінігі 9 ай оқып, үш ай жазда демалғанға үйренген. Сондықтан жаңашылдықты оңай қабылдай қоюы екіталай. Екіншіден бұған біздегі ауа-райы да қол емес дейді ардагер ұстаз.

Айнаш Қалиева, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі:

- Қазір біздің балаларымыз әлсіз. Кішкене бірдеңе болса ауырады. Сол себепті олардың демалысы олардың өміріне қажет деп ойлаймын. Бір жылдары 15 шілдеге дейін созып жіберді осы оқу жылын. Ыстық қара терге түсіп балаға білім де қонған жоқ ол уақытта. Соның дұрыс емес екенін біліп келесі жылы өздері алып тастады.

Ал, балалар оқығанын ұмытады дегенге ардагер ұстаз сенбейді. Себебі жаңа оқу жылын оқушылар өткенді қайталаумен бастайтыны белгілі. Сондықтан онсызда түрлі эсперименттің алаңына айналған мектепті қалыптасқан стандарттан ауытқыту керек емес деп есептейді.

Бұған жауапты Оқу-ағарту министрлігі әзір біржақты шешім қабылдай қоймадық деп отыр. Оқу жылын ұзарту сарапшылар тарапынан бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатыр, бірақ министрлік жекелеген азаматтардың пікіріне емес, ғылыми мәлімттерге сүйену керек. Жеті рет өлшеп, бір рет кескеннен кейін тоқ етерін айтамыз. Ең бастысы балалардың мүддесі дейді жауапты ведомство басшылығы.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

24 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде