Ауылға кіретін жол жоқ
Өз үйлерінен көлікпен түгілі жаяу шыға алмай қалған. Алматы облысындағы Көксай ауылының жұрты атқамінерлердің әрекетсіздігіне наразы. Өйткені, жеке кәсіпкер ауылға кіретін жалғыз жолдың бойына көлік жуу орнының құрылысын бастап кеткен. Қазір тұрғын үйлерге не жергілікті халықтың өзі, не жедел жәрдем мен өрт сөндіру техникасы да кіре алмайды. Тіпті кедергі келтірген нысанның кесірінен, отқа оранған тұрғын үйлерге төтеншеліктердің көлігі жете алмай, баспаналардың түгі қалмай жанып кеткен жағдайлар да бар. Ал жолдың ортасына ойып құрылыс жүргізіп жатқан кәсіпкерге әкім құзырым жүрмейді деп, сотқа сілтеді.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
01.07.2022
"Әкімдік халықтың жағдайын ойламайды" деп жазылған плакат ұстап, шырылдап жатқан қараша Көксай ауылындағы 11-ші кварталдың тұрғындары. Олар осы уақытқа дейін қазір құрылыс жұмыстары жүріп жатқан мына жолмен қалаға апарар даңғылға шығатын. Ал, өткен айда дәл сол жолдың үстінен жеке кәсіпкер көлік жуатын орынды сала бастады дейді. Енді жергілікті жұрт көшелеріне кіре алмай, үйлерінен шыға алмай қамалып қалған.
Әлимаш Қажиева, Көксай ауылының тұрғыны:
- 12 отбасы қалдық. Мына жақтан кіре алмаймыз. Өткенде ана жерде өрт болды. Үй өртеніп кетті. Оны ар жағынан қаладан келіп, біткеннен кейін өшірді. Кәсіпкердің өзіне мен жеке келіп амандастым да, бізге жол қалдырасыз ба деп айттым. Әкімдік сұраса мен қалдырамын, сұрамаса қалдырмаймын дейді. Қалталы азаматтардың сөзі жүреді да, біз сияқтылар қала береміз ба?
Тек, қалаға апарар тас жолға жақын орналасқан тұрғындары үйлеріне кіру үшін, аттап бассаң шаң-тозаң төбеге бір-ақ шығатын мына сүрлеумен жаяу жүруге мәжбүр. Бұл жер де, біреудің меншігінде екен. Егер учаскенің иесі жалғыз жолды жауып тастайтын болса, мүлдем тығырыққа тірелеміз дейді.
Диас Оңалбеков, Көксай ауылының тұрғыны:
- Былай қарай жүрсек тығырыққа тірелеміз. Былай жүрсек, мына жер де біреудің жер телімі. Мен үйіме келемін, ар жақ біреудің учаскесі. Сонда қазір тұрғындар екі участоктан жаңбырда балшықпен, ыстықта шаңмен үйстіп жүріп өтеді. Ол тек мына жер жабылмағанша. Ертең жерді жапса біз тығырықта қаламыз.
Жұрттың жан-айқайына құрылысты бастап жатқан кәсіпкерді қолдап, көршілес орналасқан көлік жуу орнының иесі де жетіп келді. Алайда, әңгіме бірден ерегістен басталып, тұрғындармен жаға жыртыспақ болды.
- Кім төбелесейін деп тұр? Дік-дік етіп. Мынаның қожайыны кім?
Жылдар бойы жұрт жүріп жүрген жолдың орнына көлік жуу ғимаратының құрылысын әй-шәй жоқ бастаған кәсіпкер Өзбекстанда екен. Енді мәселенің шешімін таба алмай, әбден мезі болған бұқара Іргелі ауылдық округінің әкімдігіне қарай бет алды. Шырылдаған қарашаны қарсы алған әкім кәсіпкердің құрылыс жұмыстары заңсыз дейді. Ал, жол мәселесі тек сот бойынша ғана шешілмек.
Абылай Ысқақов, Іргелі ауылдық округінің әкімі:
- Ол кісінің құрылыс жүргізіп жатқаны заңсыз. Бүгін архитектураға жиналысқа кірген кезде осы сұрақтар бойынша көтерілді. Оны ГАСКке жазды. ГАСК хат алғаннан кейін шығып, құрылыс бойынша жұмыс жүргізеді. Екінші сұрақ, жол бойынша. Сіздерде қазір сот процесі болып жатыр. Өйткені, сіздердің жерлеріңізді бөлген кезде жолды қарастырмаған.Сіздердің жерлеріңізді бөлген кезде жолды қарастырмаған. Сондықтан, бұл соттың шешімімен шешілетін мәселе.
Алайда, тұрғындар әкімнің сылдыр сөзіне сенбейді. Бұқара жергілікті сәулет-құрылыс бөлімі кәсіпкермен өзара ауыз жаласып, былықтың барлығын ұйымдастырғанына сенімді. Сондықтан, іс жылы жабылып қалмас үшін жұрт жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жазған арыздың нәтижесін күтеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!