Шақалақтың денесі қоқыс жәшігінен табылды
Туа салып, тастап кеткен! Талдықорғанда қоқыс жәшігінен жаңа туған шақалақтың денесі табылды. Кіндігі кесілмей құр жаялыққа оралған баланы таңертең тұрғындар байқап, полиция шақыртқан. Нәрестенің лақтырыларда тірі, не өлі болғаны белгісіз. Қазір бауыр еті баласынан безген безбүйрек ана іздестіріліп жатыр.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
04.07.2022
Таңертең таза ауамен тыныстауға шыққан Айгүл Түсіпбаева қоқыс жәшігінен жаңа туған шақалақтың денесін көріп шошыған. Құр жаялыққа оралған күйі жатқан шарананың кіндігі де кесілмеген дейді келіншек. Бейкүнә баланы көріп жүрегім ауырды деген әйел бірден полиция шақыртыпты.
Айгүл Түсіпбаева, Талдықорған қаласының тұрғыны:
- Жаңа туғаны көрініп тұр. Обал ғой. Баласын осылай тастап кетуге ананың дәті қалай барды екен. Айтарға сөзім жоқ. Полиция келгенше күттік. Қаңғыбас иттер алып кетпесін деп тұрдық. Жанымда көше сыпырушы да болды.
Нәрестенің тірі, не өлі күйде тасталғаны әзірге белгісіз. Қалдырған жерде суықтан тоңып немесе нәр татпай, аштан шетінеп кетуі де мүмкін. Қазір полиция бауыр еті баласынан безген безбүйрек ананы іздестіріп жатыр.
Ернар Сайділдин, Алматы облысы ПД ресми өкілі:
- Аталған дерек дереу Талдықорған қаласының полиция басқармасында ҚР ҚК 100-бабы бойынша тіркелді, яғни жаңа туған баланы анасының өлтіруі. Қазіргі уақытта полицейлер жаңа туған баланың анасы мен басқа да куәгерлердің жеке басын анықтау үшін жедел-іздестіру шараларын жүргізуде.
Табылған күні тасбауыр ана қылмыстық жауапкершіліктен құтылмайды дейді тәртіп сақшылары. Заң бойынша, үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!