Ақулалар қазақстандықтардың демалысына бөгет емес
Ақулалар қазақстандықтардың демалысына әсер ете алған жоқ. Мысырдағы қайғылы жағдайға қарамастан туристер тарапынан сұраныс азаймапты. Қазірдің өзінде 160-қа жуық отандасымыз Қызыл теңізде саяхаттап жүр. Хургада қаласындағы курорттық аймақта акула екі күн бұрын демалушыларға шабуылдап, Австралия мен Румыния азаматтары ажал құшқан болатын. Соған байланысты қазір ондағы жағажайлар жабық. Демалушыларға суға жақындауға уақытша тыйым салынған. Ал еліміздегі туристік агенттіктер Египеттегі отандастарымызға барынша сақ болуға шақырады.
Автор: Салтанат Шырынхан
04.07.2022
Акула шабуылы алғаш Хургада қаласындағы Сахль Хашиш жағажайында үш күн бұрын болған. Суда алаңсыз шомылып жүрген келіншек сол шабуылда оңбай жараланып, ауруханаға барар жолда жан тапсырыпты. Жан түршігерлік кадрлар әлеуметтік желілерде жарияланып жатыр.
- Туристер шулап жатыр...
Ал, кеше дәл сол курорттық аймақта тағы бір әйелдің өлі денесі табылған. Румыниялық 40 жастағы турист жағажайдан екі күн бұрын жоғалып кетіпті. Анықталғандай, оны да теңіз жыртқышы мерт қылған. Осы жайттар қазақстандық демалушыларға еш әсер етпеген сыңайлы.
Инна Рей, «Туристік Қамқор» қорының төрағасы:
- Қазір Хургада қаласында демалып жатқан қазақстандықтар бар. Аса танымал курорттық аймақ болмағандықтан ол жерде 160-қа жуық қана турист демалып жатыр. Әзірге кері қайтуға қатысты ешкім хабарласпады. Демалыстарын жалғастырып жатыр. Айтарымыз барынша сақтық шараларын сақтағандары абзал. Қандай да бір шектеу, демалу шарттары бойынша өзгерістер туралы да шағымдар келіп түспеді.
Хургададағы қайғылы жағдайдан кейін туристік агенттіктертің де мазасы қашқан. Олар демалушылармен күн сайын хабар алысып отыр. Қазір Мысырда бір аптаға адам басына 600-800 мыңның шамасында қаржы кетеді. Осылайша турды алдын ала сатып алғандар да билеттерін кері қайтаруға ниет білдірмеген.
Мунирам Ахметова, Туристік агенттіктің директоры:
- Демалушылармен сағат сайын байланыстамын. Барлығы дұрыс. Біздікілер көп нәрседен қорықпайтын халық болғандықтан, теңізге қайта түсуден де кетары емес. Елімізде турды алып қойғандардың барлығы өз уақыттарында ұшуға дайын отыр. Қызыл теңіз бұған дейін де және бұдан кейін де қауіпті бола беретіні сөзсіз. Сол үшін адамның өзі сақ болуы керек.
Қазір барлығы акулалардың жағажайға жиі келуін бір ғана себепті келтіріп отыр. Айтуларынша, осыдан бір ай бұрын Суданнан Сауд Арабиясына келе жатқан кеме батып, 16 мыңдай бас қой қырылған екен. Акулалар сол өлекселер мен қанның иісіне сезіп келуі мүмкін деген болжам бар. Қазір курорттық аймақ уақытша жабылып, жүзуге, дайвинг пен балық аулауға тыйым салынған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!