Үйін даулаған үлескерлер
Ақтөбеде үлескерлер екі жылдан бері жаңа қоныстарына кіре алмай жүр. Өйткені, аты дардай «Алаш орда» деген тұрғын үй кешенінің құрлысы тоқтап қалған. Компания басшылары болса «күнде ертеңмен» шығарып салып шаршатты дейді ашынған үлескерлер. Ақшадан тарыққанын кешенді салуға жауапты бизнесмен де жасырып отырған жоқ.
Автор: Жаңалық Ахаш
04.07.2022
Ақтөбеде екі жыл бұрын 15 қабатты бір үй мен 9 қабатты қос үйден тұратын кешен салынып бітуі тиіс еді. Жарнамасы жер жарған «Алаш орда» кешенінен баспана алуға 80-ге жуық отбасы ақшасын төлеп қойған. 2020 жылы қоныс тойын тойлайсыңдар деген үлескерлер қолында келісім-шарт та бар. Бірақ бір ғимарат жартылай тұрғызылып, одан кейін құрылыс жүрмей қалған.
Қайрат Әлімбаев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- 2019-да ақшамызды сол үйге салдық. Жоспар бойынша 2020-ның екінші жыл басында алу керек еді. Ақшамыз жоқ, құрылыс материалымыз жоқ. Шамалы күтіңіз деп уже қанша 2 жыл болды күткенімізге.
Гүлбаршын Темірбаева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Келген сайын екі айдан кейін, үш айдан кейін берем дейді. Сонымен уже бір жыл жарым уақыт өткізіп отырмыз ғой. Менен бұрын 18-ші жылдан бастап договорға отырған адамдар бар. Где-то бір 20-30 пайыз адамдар квартирада тұрып жатыр.
Құрылыс компаниясының басшылары болса ақшадан тарығып қалғандарын жасырмайды. Карантинде құрылыс тұралап, кейін материал қымбаттап кетті деп ақталды. Сондықтан кешендегі 15 қабатты ғимаратты толық көтермей, 9 қабатты қылып шектемекші. Үлескерлер баспанасыз қалмайды деп сендіреді ондағылар.
Нұрбек Байғұттиев, Құрылыс компаниясының өкілі:
- Үлескерлер алдындағы міндетімізді толық орындаймыз. Сондықтан қаржылық мәселемізді қайта есептеп, қазір үшінші секцияның жөндеу жұмыстарын істеп жатырмыз. Осы жазда қолданысқа береміз.
Үлескерлер құрылыс компаниясы басшысының сөзіне сенуден қалған. Себебі, кешендегі үш үйдің тек біреуі ғана жартылай салынып тұр. Қалған екеуінің әлі іргетасы толық құйылмаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!