{metadescription}
Шырқы бұзылған демалыс
Шырқы бұзылған демалыс

Шырқы бұзылған демалыс

Жалын жазғы демалыстың шырқын бұзды. Абай облысының аумағындағы Алакөл жағасында болған алапат өрт ауыздықталды. Екпінді желдің әсерінен лезде күш алған тілсіз жау бір түнде демалыс аймағындағы 17 ғимаратты күлге айналдырған. 7 адам зардап шеккен. Ал жазғы демалысын жағалауда өткізуге келген жүздеген саяхатшы таңды далада атырды. Қызыл жалыннан қауіптенген жұрт өрт сөндірушілерге қолғабыс қылып, отты өшіруге атсалысқан. Қазір далада қалған туристерді өзге базаларға орналастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Шілденің шіліңгір ыстығын жағалауда өткіземіз деп келгендер түнімен көз ілген жоқ. Алакөлдегі демалыс орындары отқа оранып, саяхатшыларды әбден састырды. Себебі түнде басталған тілсіз жау желдің екпінімен күш алып, айналасына тез тараған.

- Әлихан кетті міне. Өрт Әлиханға келіп алды. Жүр Еламан. Қайтесің оны? Байқа.

Бір-біріне жапсарлас жақын тұрған, қабырғасы ағаштан салынған төрт бірдей демалыс орны әп-сәтте қағаздай жанды. Алғашында демалушылар от пен судың ортасына түсіп, қызыл жалынды өз беттерінше сөндіруге тырысқан. Алайда жалаң қолмен жалынды ауыздық болмағандардың әрекетінен ештеме өнбепті.

Ақтілек Байбазаров, дәмхана қожайыны:

- Жергілікті тұрғындардың көмегімен су тасыдық. ТЖБ қызметкерлері келгенше отты ауыздықтауға күш жігер жұмсадықТуристер мен осы жердегі адамдар жұмылдырылды.

Тілсіз жау төрт демалыс орнындағы 17 нысанды күлге айналдырды. Ондағы демалушылар қазір өзге қонақүйлерге орналыстырылып жатыр екен. Жергілікті атқамінерлер жедел штаб құрып, оқыс оқиғаның себеп-салдарымен күресіп атқандарын жеткізді.

Дидар Хамитов,  Үржар ауданы әкімінің орынбасары:

- Демалыс үйінде болған демалушыларды кәсіпкерлердің көмегімен басқа базаларға орналастырып жатырмыз. Аудан әкімінің төрағалығымен жедел штаб құрылды. Қазір жағдай қалыпты. Барлық базалар қалыпты жұмыс атқаруда.

Тек таңға жуық ауыздықталған тілсіз жау жалпы аумағы үш мың шаршы метр жерді шарпыған. Алапат отты ауыздықтауға Абай және Шығыс Қазақстан облысының өрт сөндірушілері жұмылдырылыпты. Құтқарушылар оқыс оқиғадан 7 адамның зардап шеккенін мәлімдеді. Оларға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, жағдайлары бақылауға алынған. Ал, тілсіз жаудың нақты неден тұтанғаны әзірг.е белгісіз.

Талғат Уәли, ҚР ТЖМ ресми өкілі:

- Өрттің шығу себептері әлі анықталмаған. Негізі, өрт «Керуен» демалыс үйінен шыққан. Ал өрттің не себепті шыққанын біздің ТЖ министрлігінің анықтау қызметі анықтайтын болады.

Қазір, өрт толығымен ауыздықталды. Енді арнайы комиссия құрылып шыққан шығын есептелуде. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері жақын маңдағы базаларды өз бақылауына алды. Ал, отқа оранған төрт демалыс үйінде нақты қанша демалушының болғаны белгісіз. Себебі, демалысының шырқы бұзылған кейбір азаматтар үйлеріне қайтып кеткен екен.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде