Тіршілік нәрінен тарығып отыр
Ақтау тұрғындары шілденің шіліңгір ыстығында тіршілік нәрінен тарығып, қаталап отыр. Әсіресе жаңадан салынған шағын аудандарда ауыз су жоқ. Сондықтан халық арнайы көлік жалдап, суды солардан сатып алып ішуде. Өйткені орталық құбыр желісінде қысым аз болғандықтан, тіршілік нәрі шектеліп беріліп, су жоғары қабаттарға жетпей жатыр. Ал облыстық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы, халықтың бір жұтым таза суға зар болуына, су жіберетін комбинаттағы ақау себеп дейді.
Автор: Айман Нұрмағанбет
05.07.2022
- Мынадай кезек көрдіңдер ма водовозға? Масқараға ғо мынау 33, 19, 20, 21-ші үйлер. Түнде литрі 20 теңгеден сатылады. Судың кезегінде тұр. Масқарағо не қылған зат мынау?…
Бұл күнде кешкісін болатын көрініс. Ақтау қаласындағы кейбір шағын аудан тұрғындары тіршілік нәрін алу үшін су таситын көлікке кезекке тұрады. Жаз басталысымен таңертең және кешкі уақытта ғана там-тұмдап берілетін судың енді тек түнде ғана жеткізілуі шаһар халқын алаңдатып отыр. Енді бірі су таситын көлікті күтсе, кейбірі дүкеннен сатып алуға мәжбүр.
Амангүл Айдынбаева, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Өткенде жақсы болып тұр еді. Бірақта осы 2-3 күндей болды. Қиын жағдай болып жатыр. Өйткені напор жоғары қарай тартылмайды. Су келмейді. Сондықтан мына тұрған подвалдан су алуға тура келіп тұр біздерге. Нағыз болмаса водовоз келеді. Водовозға очередьке балаларымызды тұрғызып мына 21 ғасырда сол жақтан су тасуға тура келіп тұр.
Шаһарды таза сумен қамту «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» мекемесінің мойнында. Комбинат теңіз суын тұшытып халыққа таратады. Тұрғындар соңғы кезде Каспийдің тартылуы да су жетіспеушілігіне әсер етуі мүмкін деген болжам айтып отыр. Алайда әкімдіктегілер мұны жоққа шығарды. Жауаптылардың айтуынша, комбинаттағы жөндеу жұмыстарының кесірінен уақытша суды беру кешуілдеп қалған. Одан қалса резервуарға судың артық қоры жиналмағаны да әсер етіпті.
Бексұлтан Шалабаев, Маңғыстау облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы:
- Каспийдің тартылуының қатысы жоқ деп есептейміз. Себебі, ауыз су «МАЭКҚазатомөнеркәсіп» арқылы беріледі. «Цувс-4» нысанында орналасқан резервуарларымыз бар. Сол резервуарлардың таусылуына байланысты, ауыз су үздіксіз берілмей қалу себебі болды. Себебі, резервуарлардың барлығын толтыруға уақыт керек болды. Алдымыздағы апта резервуарлардың бәрі толып халыққа үздіксіз су берілетін болады.
Әкімдіктегілер ауыз судың мәселесі жақын арада шешіледі дейді. Жалпы қазір «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» комбинаты 42-45 мың текше метр су өндіреді. Алайда бұл қаланы тіршілік нәрімен толық қамтуға жеткіліксіз. Сондықтан жауаптылар 2024 жылға дейін «МАЭК»-ке тәулігіне тағы 24 мың текше метр су өндіретін қосымша қондырғы қойылады деп отыр. Қазір құрылыс жұмыстары басталып кеткен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!