Жарылыс екі адамның өмірін жалмады
Атырау облысындағы Теңіз кенішінде жарылыс болып, екі адам қаза тапты. Қайғылы оқиға бүгін таңертең болған. «Senimdi Kurylys» мердігер компаниясы құрылыс алаңында құбырларын сынақтан өткізбекші болған. Алайда қатты қысымға шыдамаған құбыр жарылып кетіпті.
Автор: Жанат Молдашова
06.07.2022
Асхан Байдуалиев, Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Бес жұмысшы зардап шеккен. Екі азамат өкінішке қарай көз жұмды. Біреуі сол оқиға орнында , екіншісі ТШО клиникасында. Үшінші зардап шеккен жұмысшыны Теңізшевройлға қарасты ұшақпен Атырау қаласындағы облыстық ауруханаға жеткізілді. Қазіргі таңда науқасқа дәрігерлер көмек көрсетіп жатыр.
Жарылыстың қатты болғаны соншалық, бір жұмысшы сол жерде мерт болып, екіншісі ауруханада жан тапсырған. Тағы үшеуі жарақат алды. Тіпті науқастардың бірін арнайы ұшақпен облыстық ауруханаға жеткізген. Ауыр жарақат алған тағы бір азамат Құлсары қаласындағы ауруханада ем-дом қабылдап жатыр. Қазір құзырлы органдар өндіріс орында қауіпсіздік ережесін сақтамаған компанияға қатысты тергеу жұмыстарын бастады. Ал жергілікті әкімдік апаттың себеп-салдарын анықтау мақсатында облыстық деңгейде арнайы комиссия құрылғанын жеткізді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!