Қаңтар оқиғасы: Ақтөбеде үш адамға сот үкімі шықты
Қаңтардағы қақтығыс кезінде Ақтөбе халықаралық әуежайын басып алмақ болды деп айыпталған үш азаматқа сот үкімі шықты. Енді олар үш жарым жыл бойы тәртіп сақшыларының жіті қадағалауында болып, еркіндіктері шектеліп отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
06.07.2022
- Сот үкім етті: Мәди Темірбекұлы Жұмабек Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 269-бабының 1-бөлігімен көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауға кінәлі деп танылсын. Оған 3 жыл 6 ай бас бостандығынан шектеу түріндегі жаза тағайындалсын.
Үш сотталушы да бесінші қаңтар күні Ақтөбе облыстық әкімдігі алдына жиналған топ ішінде болған. Елхат Қосыбаев сол жерде сөз алып, елге сырттан әскер келтірмеу үшін халықаралық әуежайдың жұмысын тоқтатып, сол жаққа баруға шақырады. Жанына Нұралы Шахкөзов пен Мәди Жұмабекті ертіп, әуежай басшысымен кездеседі. Ешқандай ұшақты ұшып-қондырмау керектігін айтады. Осылайша әуежай жұмысына кедергі келтіріпті. Енді осы қылмысы үшін үшеуі де пробация бақылауында болып, ескертусіз қаладан аттап шыға алмайды. Сондай-ақ, көңіл көтеретін орындарға баруға және әлеуметтік желіні пайдалануға да тыйым салынған. Мұндай шектеу үш жарымға жылға дейін созылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!