Өндірісте өлгендер көбейді
Өндірісте өлім-жітім көбейді. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшыларына қауіпсіздік ережелерін күшейтуді тапсырды. Өйткені, соңғы уақытта осы кәсіпорында қаза табатын қызметкерлер қатары көбейген.
Автор: Ұлан Нұрахмет
08.07.2022
«АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорны қауіптілігі жоғары өндіріс ошақтарының бірі. Мұндағы еңбек қауіпсіздігін сақтау туралы шаралар еш нәтиже беріп жатқан жоқ деді премьер-министр. Өйткені металлургия комбинатындағы құрал-жабдықтар әбден тозған. Ал оны жаңартуға инвестиция жеткіліксіз. Соның салдарынан, кәсіпорында апаттар жиілеп, жұмысшылардың опат болу дерегі көбейген. Мәселен, бір ай бұрын ғана пештерді жөндеу кезінде күмбез құлап, 5 адам топырақ астында қалған еді. Оның төртеуі көз жұмды. Сондықтан Үкімет басшысы кәсіпорын басшылығын апат санын азайту үшін кешенді шара әзірлеуді тапсырды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Жыл сайын өндірісте 10-12 адам мерт болады. Біз бұл жағдайға көне алмаймыз. Жабдықтардың әбден тозығы жеткен, жаңғыртуға салынатын инвестициялар деңгейі басқа кәсіпорындармен салыстырғанда 2-3 есе төмен. Мұны түзету керек. Инвестиция көлемін кезең-кезеңмен арттырып, ең алдымен, қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!