{metadescription}
Алтай Көлгінов: «ЛРТ құрылысы аяқсыз қалмайды»
Алтай Көлгінов: «ЛРТ құрылысы аяқсыз қалмайды»

Алтай Көлгінов: «ЛРТ құрылысы аяқсыз қалмайды»

ЛРТ құрылысы аяқсыз қалмайды. Елорда әкімі бүгін осылай деді. Тек ел арасында «жемқорлық ескерткіші» аталып кеткен атышулы нысанды қолданысқа беру үшін тағы 580 миллион доллар қажет. Алтай Көлгінов мұндай қомақты қаражатты әзірге қайдан алатынын білмейді. Бас қалада қазір ЛРТ-дан бөлек бас қатырар мәселе көп. Соның бірі мектеп жетіспеушілігі. Ол да жуық арада оңай шешілмейтін сыңайлы.

Бас қаланың басшысы бүгін елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Мемлекет басшысының наурыздағы жарлығынан кейін бе, әйтеуір Көлгінов екі жарым сағаттық брифингтің 25 минутында есебін оқып, қалған бөлігінде тілшілер сауалына жауап берді. Еске салайық төрт ай бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге алдын-ала дайындалған құлаш-құлаш есептерін тоқтатуға тапсырма берген.

Ең алдымен шаһар басшысынан ЛРТ-ның жайы сұралды. Құрылысы орта жолда тоқтаған нысан көпшіліктің көзіне күйік болып, «жемқорлық ескерткіші» аталып кеткелі қашан. Ал Көлгінов жеңіл рельсті пойызды салып бітіру ең оңтайлы шешім дегеннен танбай отыр. Ол үшін тағы шамамен 580 миллион доллар керек. Сүріп тастау одан да қымбатқа шығады дейді әкім. Тек әзірге құрылысқа қажет шығынның қайдан болатыны белгісіз. Қалалық қазынада бұндай ақша жоқ, мемлекеттік бюджетке жауаптылар да аузы күйгендіктен үрлеп ішіп қаражат бөлуден бас тартыпты.

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

- ЛРТ экономикалық тұрғыда пайда әкелмейді. Бұған бизнес жоба ретінде қарауға болмайды. Әлеуметтік пайдасы зор. Қаладағы көлік қозғалысын реттейді. Көпшілікті ЛРТ-ның бағаналарының сапасы алаңдатады. Олардың әрқайсы шамамен 200-220 тонна. Бетон тіреулердің сапасы өте мықты. Мұны арнайы мамандар бірнеше мәрте тексеріп жатыр. Басты мәселе ЛРТ құрылысын аяқтау.

Ал, әзірге қаладағы құжынаған көлік қозғалысын ақылы тұрақтар реттеуі тиіс дейді Алтай Көлгінов. Өйткені мұндай жүйе жүргізушілерді біраз тәртіпке салады деп түсіндірді. Жалпы жыл санап халық саны өскен сайын әкімдердің де бас қатырар шаруасы көбейген. Бұл қатарда мектепке баласын сыйғыза алмай әлек болған ата-аналар да бар.

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

Біз жыл сайын мектептердің құрылыс арттырып келеміз. 2018 жылы 4 мектеп салынды. 2019 жылы 6 мектеп салынды 2020 жылы 11 мектеп іске қосылды. 2021 жылы 15 мектепті іске қостық. Тек қана мемлекеттік бюджетке қарап отырмай біз 3 механизмді іске қосып жатырмыз. Біріншісі бюджет арқылы. Екіншісі жекеменшік серіктестік арқылы. Үшіншісі жеке инвесторлар жеке мектептерді салуда.

Бас шаҺарады басқару оңай емес деді ме, жиын барысында жалақыңыз тым көп емес пе деген журналистер сауалына еңбегімнің ақысын алып отырмын деп жауап берді Көлгінов. Бұған дейін бір сұхбатында әкім 1 миллион 900 мың теңге айлық алатынын айтқан болатын.

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

Әкімдердің, олардың орынбасарларының жалақысы жарияланады. Бұл ешқандай құпия емес. Жалпы жауапкершілік өте үлкен. Қаланың бюджеті 800 миллиард теңге. Мысалы білім басқармасының бюджеті 120 миллиард теңге. Оның басшысы 600 мың теңге жалақы алады. Адамның еңбегі бағалану керек деп ойлаймын. Бірақ, менің мақсатым ақша табу емес, әлеуметке пайдалы іс қылу.

Не дегенмен миллион астам халқы бар қаланы басқарудың жүгі де ауыр деп отыр Көлгінов. Айтпақшы, әкімнің болжамынша, 2030 жылы бас шаһардың халық саны 2,5 миллионға жуықтап қалуы әбден мүмкін. Адам саны көбейген сайын мәселе де жамала бермесе дейміз бастысы. Бір қызығы қаланың бастапқы жоспары бойынша 2030 жылы елордалдықтардың саны 800 мың болады деп болжанған екен.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

06 шілде

05 шілде

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.