Жұмбақ жағдайда жоғалған
Екі айдан бері ұшты күйлі жоқ! Жетісу облысында 58 жастағы мал дәрігерін туыстары жер-көктен таппай шарқ ұрып жүр. Сәуірдің 20-сы күні бастығынан сұрануға кеткен Қанат Беделбаев сол күйі оралмапты. Орманшылар, құтқарушылар мен еріктілерден құралған бірнеше топ табанынан таусылып, төңіректегі тау-тас, өзен-көлді түгел сүзіп шыққан. Алайда атпалдай азматты көрген-білген жан жоқ. Не өлі, не тірі екенін біле алмай жүрген жақындары іздестіру жұмыстарын енді Алматы қаласында жалғастырып жатыр.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
08.07.2022
Қанат Беделбаевтың хабар-ошарсыз кеткеніне екі айдан асты. Жетісу облысы, Басши ауылының мал дәрігері бастығынан сұрануға кетіп үйіне сол күйі оралмапты. Айдың, күннің аманында 58 жастағы атпалдай азаматтың не өлі, не тірі екенін білмей қиналған туыстары күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған.
Күләш Беделбаева, Қ. Беделбаевтың жұбайы:
- Осындай жасқа келгенде жоғалып кеткенін кім тілейді дейсіздер. Аманесен табылса, көрген-білгендер болса хабарласса деймін. Не өлі болса өлі, тірі болса тіршілігінде табылса екен деп тілеймін. Арақ ішпейді. Темекі тартпайды. Ауыл, аудан, облыс бойынша беделді жұмыс барысында. Не жағдай болғанын білмеймін.
Еріктілер, құтқарушылар, орманшылар мен тұтас ауыл табанынан таусылып, төңіректегі тау-тас, өзен-көлді түгел сүзіп шыққан. Бірақ ветеринарды табу оңай болмай тұр. Ойлары сан-саққа жүгірген жақындары оны әлдекімдер жалшы қылып ұстап отыруы немесе өлтіріп көміп тастауы мүмкін деп топшылайды.
Айгүл Қанатова, Қ. Беделбаевтың қызы:
- Бір жағдай болып өлтіріп көміп тастайтын болса ол айтылмайтын дүние. Адамдар ұрланып жатыр. Байлардың малын бағу үшін. Сәуір айында малдарды қырқытады, дәрілейді, тауға апарады. Сондай кез болып жатты. Қақа жүрші мына малымды көріп берші десе менің әкем кетіп қалады. Ол мал десе бірінші орынға қояды. Қанша жылдық жұмысы. Ол малды құтқару керек болса құтқарады, тудыру керек болса тудырып алатын кісі.
Сәуір айынан бері Жетісу облысын түгел шарлап шарқ ұрған Беделбаевтар әулеті іздеу жұмыстарын енді Алматы қаласында жалғастырып жатыр. Қазір қаладағы еріктілер хабарландыру қағазын іліп, ұшты-күйлі жоғалған азаматтың суретін жұртқа көрсетіп жүр. Әзірге іліп алар тың ақпарат жоқ.
Қуаныш Майлыханов, еріктілер ұйымының мүшесі:
- Алматы қаласының координаторлары бірігіп, іздеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Әлеуметтік желілерге ақпарат тарату, қаладағы ауруханаларға звондау, мәйітханаларға звондау, үйсіз қалғандарды апаратын орындар бар солардың телефондарына звондап, ақпараттарды тексеріп жатырмыз. Тірідей табылуына ниеттеспіз.
Бақсы-балгер, құмалақшыға да жүгінген жақындары Қанатты соңғы рет көрген бастығынан да күдіктенеді. Алайда полиция әзірге нақты ақпарат жоқ екенін жеткізді. Тәртіп сақщылары іздеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз деп қысқа ғана қайырды. Ал тергеу барысына да көңілі толмайтын ағайын-туыс Қанат Беделбаевтың аман-есен үйге оралатынына сеніп, үмітпен ғана отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!