Үйлері күлге айналып, тұрғындар далада қалды
Атырауда тілсіз жаудан қаз қатар тұрған қос қабатты сегіз үй өртеніп кетті. Тілсіз жау барлығының екінші қабатын жалмаған. Баспанасыз қалған тұрғындар бұған өрт сөндірушілерді кінәлайды. Өйткені төтеншеліктер таңертең өртенген бір үйді толық өшірмей кетіп қалған дейді. Түстен кейін іргелес үйдің бәрін жалын жалмаған. Ал әкімдік зардап шеккен тұрғындарға әзірге ешқандай көмек бере алмаймыз деп қол қусырып отыр.
Автор: Жанат Молдашова
12.07.2022
Атырау қаласындағы Гаухартас ықшамауданындағы қатарынан тұрған екі қабатты сегіз үй өртке оранды. Бала-шаға дін аман. Бірақ бірнеше минут ішінде бүкіл үйдің төбесінің түгі қалмай, күл болған. Тұрғындар қызыл жалынның осынша өршуіне өрт сөндірушілер кінәлап отыр. Сөздерінше бір үйдің іргесінен басталған тілсіз жауды толықтай ауыздықтамай, өшірдік деп кетіп қалыпты. Осының салдарынан өрт бірер сағатта қайта тұтанып, жапсарлас тұрған үйлерді лезде жалмаған.
Нұрлықыз Қосайқызы, Атырау қаласының тұрғыны:
- Дұрыстап қараңдар деп айттық, бірақ мына кісілер де айтып жатыр гой ешкім қарамаған. Тек этаждағы өшірген де кетіп қалған. Басқасын қарамаған.Төбеде тұтанып тұрған, мына жақтан күн. Сағат екі жарым шамасында өрт басталған. 15 минут ішінде пожарный келгенше сегіз үйдің бүкіл төбесі бытшыт болып, жанып кетті.
Айгүл Өтепова, Атырау қаласының тұрғыны:
- Біз айттық жоғарыға барып, үш үйдің төбесін қарай қойыңыздаршы дегенде бір пожарник тыңдаған жоқ бізді. Хотя бы жарты сағат, бір сағат сол жерде болса, жеті үй аман қалар еді. Пожарниктердің тыңдамағаны кесірінен осындай жағдай болды. Сосын акиматтан зам аким келді дедік қой. Ешқандай көмегіміз жоқ дейді. Сонда жеті үйге үкімет көмек жасамай ма?
Бір бірімен іргелес қос қабатты жеке үйлердің төбесі қазір толығымен жоқ.Тіпті, кейбірінде пайдаға асатын дүние қалмаған.
Тілсіз жаудан түгі қалмаған үйдің бірі осы. Бүкіл дүние-мүлкі, тіпті мына баспалдақ түгелімен жанып кеткен. Пәтер иесі бүл үйдің ипотекалық несиесінен жуықта ғана құтылыпты.
Жергілікті билік баспанасыз қалған тұрғындарға қандай көмек берілетінін айтпады. Апатқа қатысты әзірге пікір білдіре алмаймыз деп қысқа қайырды. Ал төтеншеліктер тұрғындардың сөзі орынсыз, өртті сөндірген тәжірибелі мамандар дейді. Алайда өртті шала өшірді деген уәж бойынша тексеру жүргізетіндерін жеткізді.
Мақсұт Есполов, Атырау облысы ТЖД бөлім бастығы:
- Мұның барлығын тексеру керек. Қарастырып бәрін, экспертиза өтеді. Мен өзім халықты дұрыс түсінемін. Үй өртеніп, далада қалу қазіргі уақытта өте ауыр. Бұл кісілердің ашуымен. Біздің өрт сөндірушілерден мүмкін емес. Бірінші, екінші өрт емес. Он жылдан бері жұмыс жасайды. Бәрін тексеріп қарады.
Мамандар тілсіз жаудың тұтануына электр желілеріндегі ақау себеп болуы мүмкін дейді. Өйткені осы үйдегі кей тұрғындардың тұрмыстық техникалары күйіп кеткен. Бірақ оған ешкім мән бермеген. Десе де өрттің нақты шығу себебі сараптамадан кейін белгілі болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!