Теңге не үшін әлсіреді? Ұлттық банк жауап берді
Теңге бағамының әлсіреуі қалыпты жағдай. Ұлттық банк отандық валюта құнының төмендеуіне қатысты осындай пікір білдірді. Шетелдік валюталардың өткен айдан бері бір арзандап, қайта көтерілуіне ішкі және сыртқы факторлар әсер етті дейді төрағаның орынбасары.
Автор: Елдос Есенбол
13.07.2022
Ең алдымен жаһандық нарықта доллар құны бұрынғыдан да түскен. Дивидент төлеу кезеңінде заңды тұлғалар тарапынан валютаға сұраныстың артуы да ішкі нарықта доллар бағасының беки түсуіне себеп болыпты. Теңгені ұзақ мерзімде қалыпты ұстап тұрудың бір ғана амалы бар дейді Ұлттық банк басшылығы. Ол алтын валюта резервтерін жұмсау. Бірақ бұл қадам кейін ұлттық валюта бағамын девальвациялау қажеттілігіне алып келуі мүмкін екен. Ұлттық банк төрағасының орынбасары елдегі банктерде жиналып қалған Ресей рубліне қатысты да пікір білдірді. Енді оның көлемін азайту үшін шекарадан қолма қол көбірек алып өтуге рұқсат берілмек. Мұндай мүмкіндік азаматтарда 31 тамызға дейін болады. Негізі шетел валютасын шекара асыруға шектеу бар. Ұлттық банктегілер мұндай бір реттік шаралардың да мәселені шешпейтінін мойындап отыр. Сондықтан, екі ел арасындағы сауда-саттық көлемін, жалпы алыс-беріске кешенді зерттеу жүргізіп, шешімді содан кейін қабылдамақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!