Аңды атамын деп адамға тиді
Аңды емес адамды атып алды. Солтүстік Қазақстан облысында орманда жидек теріп жүрген әйел оққа ұшты. 52 жастағы тұрғынды аң аулауға шыққан азамат байқамай атып тастаған.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
13.07.2022
Полицияға оқ тиіп өлген әйелдің денесі жеткізілгенін Жамбыл аудандық ауруханасының дәрігерлері хабарлаған. Оның қандай жағдайда мерт болғанын басты күдіктінің өзі айтып беріпті. 65 жастағы азамат сол күні орманға аң аулауға шыққан. Ағаштардың арасында жидек теріп жүрген әйелді елік деп ойлап қалған көрінеді. Сондықтан көздеп тұрып, шүріппені баса салған. Бірақ қанжығасын майлаймын деген аңшы қылмыс жасағанын кеш түсініпті. Жүгіріп барғанда жаралы әйелді көрген. Бірден полицияға хабарлапты. Бірақ марқұм ауруханаға жетпей көз жұмды. Ал, күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүріп жатыр.
Талғат Төлегенов, Жамбыл ауданының прокуроры:
- Қылмыстық іс бойынша бірқатар сараптамалар тағайындалған. Сонымен қатар жедел іздестіру шаралары атқарылуда. Соның барлығының нәтижесімен күдіктінің іс әрекетіне баға берілетін болады. Қалған қылмыстық іс бойынша басқа да толық ақпарат Қылмыстық процессуалдық Кодекстің 201 ші бабының тәртіптеріне сай жариялануға жатпайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!