Полиция бастығы пара алған
Көкшетауда аса ірі көлемде пара алды деген күдікпен қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары ұсталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Шыңғыс Манатовты 50 мың доллар алды деп айыптап отыр.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
13.07.2022
Шенді қызметкер жергілікті бір кәсіпкерге басқа ведомствоның қарауындағы қылмыстық істі тоқтатуға құзыры жететінін айтып уәде берген. Сол еңбегін бастықтың орынбасары 50 мың АҚШ долларына бағалапты. Әзірге, лауазым иесіне осыншама ірі көлемде пара берген қандай іс екені белгісіз. Тергеу мүддесіне сай жеке кәсіпкердің аты аталмады. Ал, пара алды деген күдікпен полиция майоры уақытша қамау абақтысына жабылды.
Арман Тілеукенов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:
- 8 шілдеде жүргізілген жеделтергеу іс шараларының нәтижелері бойынша ҚПҚ-нің 128-бабы тәртібінде Көкшетау қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары ұсталды. Көкшетау қаласының тергеу соты күдіктіге қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!