Коронвирусқа қатысты тағы қандай шаралар қабылданады?
Алматы қаласы коронавирустың таралу қарқыны бойынша «жасыл аймаққа» қайта оралды. Бұған дейін оңтүстік астанада 300-ден астам адам ауру жұқтырып қызыл аймақтың табалдырығында тұрған. Денсаулық сақтау министрлігі бұндай қадамды індет қарқынын бағалаудың жаңа матрицасы деп түсіндірді. Ал ол енді вирус жұқтырғандар емес, ауруханаға жатқызылғандар санымен есептелмек. Министрлік коронвирусқа қатысты тағы қандай шаралар қабылдамақ?
Автор: Елдос Есенбол
15.07.2022
Күні кеше ғана коронавирустың таралу қарқыны бойынша Алматы қызыл аймақтың, ал елордағы сары аймақтың табалдырығында тұр деп дәрігерлер дабыл қаққан. Денсаулық сақтау министрлігі сақтық үшін медициналық бетпердеңізді ала жүріңіз деп ескерту шараларын да бастап кетті. Мұндай сақтық шараларынан кейін халықтың көкейінде қатаң шектеу шараларына қайта ораламыз ба деген заңды сұрақ туындаған рас.
Бірақ әзірге оған негіз жоқ дейді Денсаулық сақтау министрі. Өйткені, Қазақстан тұтастай жасыл аймақта. Бұған елдегі эпидемиологиялық жағдайды бақылаудың жаңа матрицасы себеп. Енді індеттің қарқынын ауруханада жатқан науқастардың санымен өлшейді екен.
Мысалы: Стационарда ем алып жатқандардың саны 2 500 мен 5000 науқастың аралғында болса жасыл аймаққа саналады. Егер аурухана төсегінде 5000-нан 10000-ға дейін вирус жұқтырғандар болса сары аймақ. Ал, 10 000-нан аса пациенттен асып жатса қызыл аймақ болып есептеледі. Бұған қоса репродуктив санын да ескереді.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Сырқаттанушылықтың өсуіне қарамастан науқастарды ауруханаға жатқызу деңгейі төмен. Стационарлық көмекті 139 жұқпалық ауруханаларда көрсетіліп жатыр. Олардың қуаты 3282 төсекті құрайды. Қазіргі кезде 570 пациент емдеуге жатқызылды.
Ал, 570 науқастың 40 пайыздан астам балалар. Оның ішінде жасқа толмаған 23 бүлдіршін бар. Дәл осы балалар мен жүкті әйелдерге салынады деп алынған Пфайзер вакцинасының 106,5 мың дозасы бар екен. Күзде тағы 300 мың дозасын сатып алмақ. Бұдан бөлек қоймаларда 329 мың ҚазВак, 1 млн 200 мыңға жуық Синафарм тұр. Ал, мақтаулы америкалық Пфайзердің елдегі бар қорының жарамдылық мерзімі ұзартылады дейді Ажар Ғиният.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Қазіргі бар вакциналардың келгендегі қолдану мерзімі шілденің аяғына дейін болатын. Осы біздерге берілген вакциналардың сериясына байланысты өндіруші ондай вакцина бүкіл дүниежүзіне берілген ғой. Осы сериясын дұрыс сақталған жағдайда әлі де екі айға созамыз деген ақпарат алдық.
Денсаулық сақтау министрлігі пессимистік сценарий бойынша, күніне 4 мың науқасқа дейін тіркелсе, реалистік сценарий бойынша, күніне 2 жарым мың адам, ал оптимистік сценарий бойынша тәулігіне мың адам ем қабылдайды деп болжап отыр. Алдағы тамыз айында ел бойынша вирус жұқтырғандардың саны 4 мыңға дейін жетсе, қыркүйекте дертке шалдығу қарқыны қайта бәсеңдейді деп күтілуде.
Әзір елдің барлық өңірі жасыл аймақта болса да Денсаулық сақтау министрлігі адам көп шоғырланған жерлерде өз қауіпсіздігіңіз үшін медициналық бетперде тағып жүруге кеңес беріп отыр. Егер әлдебір өңір сары аймаққа өтсе бұл процесс азаматтарға міндеттеледі. Вирус жұқтырғандардың қарқыны көбейіп қызыл аймаққа өткен жағдайда азаматтардың қозғалысы шектеледі деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!