230 миллиард теңге мемлекетке қайтарылды
Шетел асқан ақшаларды жіті тексеріп жатқан билік алғашқы нәтижеге қол жеткізді. Бүгін Бас прокуратура бастаған ведомствоаралық арнайы комиссия шекарадан заңсыз шығарылған 230 миллиард теңгенің мемлекетке қайтарылғанын мәлімдеді. Қомақты қаржы қазір қамауда отырған бизнесмендер – Қайрат Сатыбалды мен оның әйелі Гүлмира Сатыбалды, сондай-ақ Қайрат Боранбаевқа тиесілі. Миллиардтарды олар өз еркімен қайтарыпты. Арасында шетелге Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-басшылары асырған ақша да бар.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
18.07.2022
Президент тапсырма бергеннен кейін қазір елден ақша саналып шығатын болды. Ал заңсыз шетел асқандарын билік қайтаруға тырысып бағып жатыр. Жарты жылдан бергі жұмыстың алғашқы нәтижесі де бар. Бас прокуратура жетекшілік ететін Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия бүгін отырыстарын өткізіп, тың деректерді жариялады. Бірақ, әзірге қылмыстық істер бойынша ғана. Құқық қорғау органы мемлекетте 230 миллиард теңгені қайтарыпты. Оның басым бөлігін Қайрат Сатыбалды мен оның әйелі Гүлмира Сатыбалды, сондай-ақ Қайрат Боранбаевтан алған.
Қамауда отырған қалталылар Люксембургтен 170 миллион доллардан астам ақшаны, яғни қазіргі айырбас бағамына шақсақ, 81 миллиард теңгені өз еркімен қайтарған. Еске салсақ, Қайрат Сатыбалды «Қазақтелеком» компаниясының қаражатын аса ірі көлемде жымқырды және лауазымдық қызметін асыра пайдаланды», ал Қайрат Боранбаев «Квазимемлекеттік сектордағы аса ірі көлемдегі қаражатты жымқырды» деген күдікпен темір торға тоғытылған болатын. Боранбаевқа қатысты іс бойынша Қаржы мониторингі агенттігі «Қазмұнайгазға» шамамен 11,3 млрд теңге өтелген.
- Қазіргі уақытта тергептексеру органдары қабылдаған шаралармен шамамен 230 млрд теңге, оның ішінде оларды шетелдік юрисдикциялардан қайтару жолымен өтелді. Мысалы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеп-тексеріп жатқан іс бойынша айыпталушылар Люксембургтен 170 млн АҚШ долларын өз еркімен қайтарды. Тергептексеру органы «Қазақтелеком» АҚ, «Көліктік сервис орталығы» АҚ және басқа мүлікті жымқыру істері бойынша шамамен 36 млрд теңгені өтетті.
Бас прокуратура байларды ғана емес, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшылары мен қызметкерлерін де тінтіген. Қамаудағы Кәрім Мәсімов пен оның үш орынбасары Гонконг пен Біріккен Араб әмірліктеріндегі шамамен 3 млн АҚШ долларды, теңгеге шаққанда, 1 жарым миллиардты қазынаға қайтарыпты. Сарапшы-экономистер шетелдегі теңгелерді қайтару үшін жаңа тетік ойлап табу керек дейді. «Кешірім береміз» деп билік айтса, ұрылардың ақшаны қайтаратынына сенімді.
Жангелді Шымшықов, экономист:
- Ешкім өз атына жазып, атын шығармайды. Толып жатқан туыстарына жазыпжазып жібереді. Содан кейін оның ізін таба алмайсың. Кімдікі қайда деп. Керек кезінде олар туыстарынан қайтарып алуы мүмкін. Ұрлаған ұрылардың өзі кінәсін мойындап, қайда, қанша ақша жатыр соны ашып, сол үшін оларға кешірім жасалуға тиісті деген сондай тетік ойлап табу керек.
Мемлекетке ақшадан бөлек, қылмыстық іс қозғалған, халықаралық іздеуде жүрген қазақстандықтардың мүлкі де қайтарылады. Сот шешімі болмаса да, Бас прокуратура іске кірісіп кеткен. Әңгіменің ауаны «Азия-Авто» компаниясы туралы болып отыр. «Форбес» тізіміне енетін байлардың бірі, іздеуде жүрген Анатолий Балушкиннің 77 жылжымайтын мүлкі тәркіленбек. Олардың ішінде Шығыс Қазақстандағы «Рахман қайнары», «Порт Фортуна» сияқты демалыс орындары бар. Сондай-ақ, ұзақ жылдан бері құқық қорғау орындары таппай жүрген Виктор Храпуновтың да Шығыс Қазақстан облысындағы жер учаскелерін тәркілеу үшін іс қозғалыпты.
Ведомствоаралық комиссия OLIMP KZ букмекерлік кеңсесі ісі бойынша мәліметті жария етті. Белгілі болғандай, букмекерлік кеңсенің лауазымды тұлғаларына қатысты қозғалған қылмыстық іс аясында 5,5 миллион доллар мен 200 мың еуро тәркіленіпті. Енді қыруар қаржы Ұлттық банкке аударылмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!