Ұрланған 2 мыңнан астам қару-жарақ әлі табылмаған
Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 2 мыңнан астам қару-жарақ әлі табылмаған. Оның 13-і граната атқыш, 169 автомат, 374 тапанша, жүздеген травматикалық және газды тапанша. Қолды болған оқ-дәрі тіпті мыңдап саналады.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
18.07.2022
Бас прокуратураның мәліметінше, Қаңтар оқиғасы бойынша еліміздің 8 өңірінде 30 мыңнан астам тергеу амалдары жүргізілген. Сотқа барлығы 429 қылмыстық іс жолданып, 545 адам сотталыпты. Билік өкілдеріне шабуыл жасаған, мүлікті бүлдірген, шығынды қалпына келтірмеген, соттылығы өтелмеген 83 адам түрмеге қамалған. Сотталғандар арасында Қазақстанда экстремистік деп танылған «ДВК-көше» ұйымының 3 жақтаушысы да бар. Олар жұртты жаппай тәртіпсіздіктерге шақырып, Шымкент қалалық әкімдігінің ғимаратына шабуыл жасаған. Сондай-ақ, қаңтар оқиғасына қатысты тергеу нәтижесімен келіспей, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қысым көрсетіп, талап қойғандар да болыпты.
Елдос Қилымжанов, ҚР Бас прокуратурасы Бірінші қызмет бастығының орынбасары:
- Қазіргі уақытта жекелеген адамдар әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы заңсыз талаптар қойып, қабылданған процестік шешімдермен келіспегендіктен тергеуге қысым көрсету мақсатында қылмыстық істердің тергеу барысына араласуда. Өзге адамдардың сотқа дейінгі тергеу барысында араласу әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көздейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!