Хабиб үшін қамалды
Ақтауда лауазымды полицейді кеудесінен итерген кәсіпкер 10 тәулікке қамалды. Спорттық шара ұйымдастырушысы Арман Тоғаев UFC чемпионы Хабиб Нұрмағамбетовке жол ашып беремін деп Маңғыстау облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Амангелді Халмұрадовты қағып жіберген. Енді осы әрекеті үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған кәсіпкер тар жерде не істерімді білмей қалдым деп ақталып отыр.
Автор: Айман Нұрмағанбет
18.07.2022
- Ананың өзі тар жер. Қалай айтсам болады? Болды, кешірім сұраймын
Бұл оқиға 16 шілде күні аралас жекпе-жектен өткен халықаралық турнирде болған. Ақтау қаласында өткен шараға 15 мыңнан астам көрермен жиналған. Кештің арнайы қонағы болып, UFC чемпионы Хабиб Нұрмағамбетов келген. Шара аяқталғанда жиналған көрермендер Хабибпен суретке түсу үшін тұра жүгірген. Осы сәтте спортшының жолын ашқысы келген Арман Тоғаев Маңғыстау облыстық Полиция департаменті басшысының орынбасарын итеріп жіберген. Кәсіпкер бұл әрекетке абайсызда бардым дейді. Бірақ әкімшілік сот оның бұл қылығын ұсақ бұзақылық деп танып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алды.
Әйгерім Ибатуллаева, Маңғыстау облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Бейнежазбадағы адамның жеке басы анықталды. Ол Ақтау қаласының Полиция басқармасына жеткізілді. Оған қатысты ҚР ӘҚБтКнің 434 бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Материал әкімшілік сотқа жолданды. Әкімшілік соттың шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы қаулы қабылданды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!