«Шаңырақ» бағдарламасына үміткерлердің базынасы
«Шаңырақ» бағдарламасына үміткерлер бүгін елордада бас көтерді. «Отбасы банктің» басшылығынан өздеріне тиесілі баспананы беруді талап етіп, орталық кеңседе айғай-шу шығарды. Барлығы құжаттарын жинап, алғашқы жарналарын төлеп, банк мақұлдауын алғанда, мемлекеттен бағдарламаға деп бөлінетін қаржы тоқтап қалған. Бір қызығы, баспаналар дайын, жөндеуді қажет етпейді. Кей пәтерлер ақшасы төленбесе де, үміткерлердің атына рәсімделіп қойған.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
19.07.2022
«Шаңырақ» бағдарламасы «Нұрлы жердің» жаңа бағыты. Елімізде 2020 жылдың тамызынан бері жұмыс істеп келеді. Бағдарлама баспанаға мұқтаж, әкімдіктің тұрғын үй кезегінде тұрғандар өтініш бере алады. Шарттары өте жеңіл. 10 пайыз алғашқы жарна беріп, бес пайызбен 15 жылға дейін баспанаға қол жеткізуге болады. Бүгінгі күнге шейін 4557 адам қоныстойын тойлапты. Бастапқыда тым жақсы басталып, шарапатын көрсетіп келген бағдарламаның биыл атына қара дақ жағылды. «Үй аламын» деп қуанғандардың қуанышы су сепкендей басылды, ал «Отбасы банк» жағдайды түсінбей әлек.
Бүгін «Шаңырақтан» шаңырағым болады» дегендер банктің орталық филиалына баса көктеп кірді. Ашулы 30 адамды көрген қаржы ұйымының басшысы оларды дөңгелек үстел басына шақырып, арыздарын тыңдады. Барлығы бағдарлама бойынша тиісті бүкіл құжатты жинап, тіпті, пәтерлеріне бағалау жасатып, қағаздарын «Отбасы банкке» тапсырып қойған. Төлем қабілеттілігін растап, бастапқы жарна 10 пайызын құйғандар да бар. Шауып жүріп үш күнде қағаздарын жинаған Гүлнар енді үш аптадан бері үйінің кілтін ала алмай жүр.
Гүлнар Бейсембина Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Шынын айтсам, бұл тура бір квест болды. Үш күннің ішінде барлық сұралған құжатты жүгіріп жүріп, дайындадық. Тапсырдық. Содан бері міне үш апта өтті. Бізге айдың соңын күтіңдер деді, күттік. Кейін түсініксіз талқылаулар басталып кетті. Үйімізді қашан алатынымыз белгісіз, нақты уақытын айтпай отыр.
«Толық емес отбасы» санатымен баспанаға үміткер Салтанат мектепке баратын балаларына алаңдаулы. Егер жаңа үйге 1-ші тамызға дейін көшпесе, онда оқушыларының құжаттарын жаңа мектепке тапсыра алмай қалады. Бір жағынан білім ордалары қазірдің өзінде толы.
Салтанат Әлімбекова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Қазір мектепке қабылдау 1-тамызға дейін-ақ. Сәуір айынан басталған. Үш балам бар. Ана мектепке жайғастырайын десем, орын тола, мына мектепке жайғастырайын десем, орын тола. Өзім жалдамалы пәтерде тұрамын, ол жерге айтып қойдым, бөркімізді аспанға лақтырып. Үй алдық, үй алдық деп. Әне отырмыз сол үйге кіре алмай. 150701-04 – Сөздің қысқасы, қалтамызда нанымыз бар, бірақ жей алмай отырмыз.
Бас шаһарда негізінен 200 адам дайын пәтерлеріне кіруді армандап жүр. Араларында мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы отбасылар, дәрігер, мұғалім, мемлекеттік қызметкерлер бар. Бәрі де қандай шаршы метрдегі үй алатындарын біледі. Тек несиені рәсімдеп, баспана кілтін алу ғана қалған. Ол үшін 4 миллиард теңге үкіметтен бөлінуі тиіс. Филиал директорының пікірінше, қаржылық қиындықтар маңдайларына жазылған болуы мүмкін.
Жансұлтан Матай, «Отбасы банк» АҚ орталық филиалының директоры:
- Маңдайымызға жазған шығар. Осындай жағдайға келдік. Қазір ақшадан шамалы үзіліс болып тұр. Бірақ тоқтап қалды. Ешкім алмайды деген әңгіме жоқ. Барлық өткен адамдар алады. Үйлеріңізге кіресіздер. Соңғы екі апта, бір айдың ішінде мәселе бар. Өтінімдердің барлығы қабылданды. Қайтарылған ақша есебінен біз беріп жатырмыз, кезеңкезеңімен шақырып. Тізім қалыптасты. Сол тізімге сәйкес, 22-27 маусым күндері 47 адам бізден бастап алады. Ешкім тоқтап қалмайды.
Баспанаға үміткерлер бастапқы жарнаға әкімдік берген 1 жарым миллион теңге сомасындағы тұрғын үй сертификатының мерзімі өтіп кете ме деп уайымдайды. Өйткені, ол 15 жұмыс күніне ғана жарамды. Банк пен әкімдіктегі басшылар уайымға салынғандарды сабырға шақырып, сертификатты қайтадан алуға болатынын айтты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!