Экология министрі: «Итбалықтар өздігінен өлді»
Каспийде итбалықтардың жаппай қырылуына теңіздің түбін тереңдету жұмыстары әсер етпеген. Осылай деген Экология министрі сүтқоректілердің өздігінен өлгеніне сенімді. Десе де Серікқали Бірекешев жағалаудан табылған өлекселерде жарақат іздері барын жасырмайды. Бірақ бұл теңіз жануарының ауға түсіп қалуынан болуы мүмкін екен.
Автор: Айман Нұрмағанбет
19.07.2022
Министрдің сөзінше, теңіз жағасынан табылған 200-ден аса итбалықтың өлексесінен ауыру-сырқау байқалмапты. Итбалықтар әбден шіріп кеткендіктен оны зерттеуге екі айға жуық уақыт кеткен. Зерттеу барысында мамандар тек 19 итбалықтың жасын анықтаған. Министрдің айтуынша, олар қақаған аязда туылып, табиғи жолмен өліп қалған. Өлексе мұз астында қалып, көктемде су бетіне шыққан. Сондықтан қызыл кітапқа енген жануар өздігінен өлді деп отыр министр. Еске сала кетсек, мамыр айында Маңғыстау облысындағы Форт-Шевченко, Баутин мен Бозащы түбегінен жүздеген итбалықтың өлексесі табылған болатын.
Серікқали Бірекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
- Тек 67 итбалық өлексесі тексерістен өтті. 17-нің денесінде өлемге әкелуі мүмкін механикалық іздер байқалған. Яғни, балық аулайтын торға түсіп қалған болуы да мүмкін деген болжам бар. Алайда ол итбалық өлгеннен кейін орын алуы мүмкін. Итбалықтардың өліміне адамдар мен мұнай компаниясының теңіз түбін тереңдету жұмыстары әсер етпеген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!