Аптап ыстықта ауыз суға жарымай отыр
Шіліңгір шілдеде ішерге су жоқ! Алматыда тұрғындар аптап ыстықта ауыз судың азабын тартып отыр. Мемлекеттік бағдарламамен «Нұрлы дала» тұрғын үй кешеніне баспана алған халық тіршілік нәрін үнемдеп, күнде келетін су тасығыш көліктен ыдыстарын толтырып шаршағандарын айтып шағымданды. Жуынуды айтпағанда дәрет сындыра алмай қиналдық деген қараша әкімдіктегілердің бейқамдығына наразы.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
20.07.2022
Аптап ыстықта «Нұр дала» тұрғын үй кешенінің жұрты үшін ауыз су алтыннан да қымбат. Тіршілік нәрінен тарыққан тұрғындар күнде келетін су тасығыш көлікке осылай кезекке тұрады. Жасы да, жасамысы да жанталасып, бар ыдыстарын толтырып алуға тырысады.
Көпшілік сарыла күтетін бұл көлік келмей қалса жұрттың көрген күні қараң. Сондықтан қаталаған қарашаның шенділерге өкпесі қара қазандай.
- Не ыстық су жоқ, не суық су жоқ. Адамдарды қырасыңдар ғой. Әкімдік деген отырып алған үндемей орындарында қақшиыпқақшып оңбағандар. Қара мына қара халықты. Барлығы жылап тұр.
Екі жыл бұрын мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасымен баспананы несиеге алған 3 мыңға жуық адам ауыз судың зардабын тартамыз деп еш ойламапты. Қоныс тойын тойлаған халық жуыну арманға айналды деп зығырданы қайнап отыр. Енді жұрт судың жоқтығынан дәретханаға дабара алмай, сай жағалауға мәжбүр.
Нұргүл Байназарова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Суық су жоқ. Туалетке балалар бара алмайды. Бұттарына қысқызып отырмыз. Енді памперс киіп, аулаға тышуымыз қалды. Бұл үйді алғаннан бері ешқандай қызық көріп отырған жоқпын. Мына үй менің басыма бәле болды. Жұмыс істемейтін адам болса әкім, депутат, КСК бастығы болсын орындарыңды босатып, орындарыңды жастарға беріңдер.
Закира Кемелбекова, Алматы қаласының тұрығыны:
- Қытсың күні емес, көктем емес, нағыз шілденің шіліңгірі. Мына халықтың зарын кім естиді. Кім жауап береді осыған. Су өшті дегенше осы тұрғын үй кешенінің өмірі өшті дей беріңіз. Бұл бірінші рет емес. Жылына екі рет, айына бір рет өшеді.
Төзімі таусылған тұрғындар жаңадан салынған көпқабатты үйде қордаланған мәселе көп деп мұңдарын шақты. Шарасыз күйге түскен бұқара жаңбыр жауса жертөле суға толып, жарық та жиі өшеді деп шағымдарын айтты.
Бақтияр Алдабергенов, Алматы қаласының тұрғыны:
- Жарық жоқ болса кәріз құбыры істемейді. Тамақ істей алмай, халық ашынады. Құрылыс басқармасы осы мәселені шешіп берсе халыққа. Кіреберісте су ағатын жер жоқ. Венеция болып кіресің. Жертөлелердің барлығы су. Су қай жақтан ағып жатыр. Тіпті, тұрғындар ауласын суғарса да жертөлеге су кіріп кетеді. Мұны кім тексереді?
Ал шенеуніктер су құбырынан ақау шыққанын жеткізді. Құрылыс материалдарының жоқтығынан жөндеу жұмыстары ұзаққа созылыпты.
Архат Жаңбыров, Наурызбай аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:
- Тарғап көшесіндегі су құбырында апаттық жағдай тіркеліп, бізде қалпына келтіретін материал болған жоқ. Стекловолакно деген таптырмайтын материалды Астанадан тапсырыс берді. Қалпына келтіру түннен азанға дейін жоспарланған болатын. Алайда суық суды өшіруіне байланысты аталған жұмыстар ұзақ уақытқа созылды. 600 диаметрлік құбырды толықтай жөндеп, ауыз суды бердік.
Атқаменірлер халықтың айғай-шуынан кейін ғана суды қосты. Онда да тек суығын. Ал ыстық су «Нұрлы дала» тұрғын үй кешеніне қашан берілетіні белгісіз. Сайжағалап, сергелдеңге түскен тұрғындар бұған да шүкіршілік етіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!