{metadescription}
Қазақстан Орталық Азиядағы көршілеріне шекараларын шегендеуге көмектеспек
Қазақстан Орталық Азиядағы көршілеріне шекараларын шегендеуге көмектеспек

Қазақстан Орталық Азиядағы көршілеріне шекараларын шегендеуге көмектеспек

Қазақстан Орталық Азиядағы көршілеріне шекараларын шегендеуге көмектеспек. Еліміздің бұған қауқары жетеді. Былтырғы қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыстарды атап өтпесе де, президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Қырғызстанның |Шолпан Ата қаласында өткен жиында Орталық Азия елдерінің басшылары алдында шекара туралы көп айтты. Екі ел арасын дұрыстап бөлудегі тәсілдерді әзірлейтін сарапшылық кеңес құруды ұсынды. Ал шекара бекісе, елдер арасындағы сауда-экономика үлесі одан сайын арта түспек. Көлік-логистикалық байланыс дамиды. Соңғы бес жылда Қазақстанның Орталық Азия елдерімен тауар айналымы алты миллиард доллардан асқан. Бес мемлекет басшылары енді осы алыс-берісті кемі екі есе арттыруды ойлап отыр.

Қырғызстанның Шолпан Ата қаласына қазақ пен өзбек, түркімен басшылары талай келді. Бірақ, Ыстықкөлде кемемен жүріп, бейресми кездесу өткізуі алғаш рет. Галстуксыз әңгіме-дүкен құрған президенттер елдер арасындағы өзара қарым-қатынастардың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады. Күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер жөнінде пікір алмасу бүгінгі Орталық Азия мемлекет басшыларының IV консультативтік кездесуінде жалғасты.

- Жапаровпен қол алысып жатыр

Дөңгелек үстел басына жайғасқан президенттер пікірі алуан түрлі. Қазақстан басшысы Орталық Азияны қауіпсіз, жайлы әрі экономикалық дамыған аймаққа айналдырғысы келеді. Бес ұсынысын ортаға салды. Біріншісі – шекара, ондағы тұрақтылыққа қатысты. Қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдай деп айшықтап айтпағанымен, Қасым-Жомарт Тоқаев әріптестерін шекарадағы шиеленістерді бейбіт жолмен шешуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мемлекетаралық шекараларда атылған әрбір оқтың жаңғырығы тек сол елдерде ғана емес, бүкіл аймақта қатты естіледі. Керісінше, дәл қазіргі дағдарыс жағдайында біздің мемлекеттер қайшылықтарды өркениетті түрде, жауапкершілікпен еңсерудің үлгісін көрсетуі тиіс. Біз шекараны заңды түрде рәсімдеу өте күрделі және нәзік мәселе екенін өз тәжірибемізден білеміз. Даулы мәселелер шынайы тату көршілік және халықаралық құқықтың негізгі қағидаларын құрметтеу арқылы тек қана бейбіт жолмен шешілуі қажет. Мұның басқа жолы жоқ.

Шекараларда мұндай проблемалардың қордаланып қалуы жағдайды ушықтырады. Ақыр соңында Орталық Азиядағы ынтымақтасты дамытуға бағытталған барлық күш-жігерді жоққа шығаруы мүмкін. Осындай пікірін ортаға салған қазақ басшысы шекараны делимитациялаудың өзара қолайлы тәсілдерін әзірлеуде сараптамалық платформа құруды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан, посткеңестік кеңістікте шекарасының толық делимитациясын жүргізген жалғыз мемлекет ретінде, өзара қолайлы шешімдер іздеуге қолдан келгенше көмектесуге дайын. Ал шекараны делимитациялауға өзара қолайлы тәсілдер әзірлеу үшін сарапшылар алаңын құруды ұсынамын. Бұл жұмысқа тәжірибелі заңгерлер, картографтар, шекарашылар мен басқа да мамандар тартылуға тиіс. Сыртқы істер министрлерінің кеңесі аталған жұмысты үйлестіруді өз қолына ала алады.

Шекара шегенделсе, елдер арасындағы сауда-экономикалық байланыс қазіргісінен де арта түсетіні сөзсіз. Соңғы бес жылда Қазақстанның Орталық Азия елдерімен тауар айналымы 42 пайызға өсіп, 6,3 миллиард доллардан асқан. Жақын арада бұл көрсеткішті 15 миллиард АҚШ валютасына дейін жеткізу көзделіп отыр. Сауданың қызып, экономиканың өркендеуіне логистиканың қосар үлесі зор. Осы орайда, көлік бағдарларын дамыту қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жаңа геосаяси шынайылықта біздің өңірдің трансконтинентальды сауданы ілгерілету мен дамытудағы рөлі қарқынды өсуде. Бұл жағдайда Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағдарын белсенді дамытып жатыр. 2017 жылдан бері осы дәліздің бағдары бойынша контейнерлер тасымалы 3 есе артқан. Бұдан бөлек, Қазақстан «Мазари-Шариф – Кабул –Пешавар» теміржол құрылысына қатысуға дайын. Атап айтқанда, Қазақстан теміржолдың жоғарғы құрылысына материалдар жеткізіп, жылжымалы құрам ұсына алады.

Жақында Түркіменстан мен Иран аумағы арқылы Қазақстаннан Түркияға пойызбен алғашқы контейнерлер жіберілді. Бұл жаңа бағыт 12 күнде 6 мың шақырымды өткеруге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Таяу шығыс пен Еуропа нарығына кіру үшін біздің Ақтау және Құрық портын пайдалануға шақырды. Ал Президенттің бесінші ұсынысы Орталық Азияның экологиясын сақтау, білім мен ғылымды бірлесіп дамытуға бағытталған. Тоқаев басқа елдерді айтпағанда, Қазақстандағы мұздықтардың кішірейіп жатқанына алаңдаулы. Мұздық еріді деген сөз, ол су ресурсы азаяды дегенді білдіреді. Орталық Азия елдері басшылары климаттың өзгеруіне байланысты жобалық кеңсесін құруы мүмкін.

Маңызды кездесудің соңы белгілі бір келісіммен аяқталатыны айтпаса да түсінікті. Бүгінгі Ыстықкөлдің жағасындағы ғимаратта өткен жиын сол дәстүрден жаңылмады. Орталық Азияны ХХІ ғасырда дамытуды көздейтін достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа консультативтік кездесуге қатысқан бес мемлекет басшылары қол қойды. Бұдан бөлек, бірлескен мәлімдеме жасалып, Өңірлік ынтымақтастықты дамытудың 2022-2024 жылдарға арналған жол картасы, Орталық Азия мемлекеттерінің көпжақты форматтар аясындағы өзара іс-қимылдар тұжырымдамасы, Орталық Азияға арналған «Жасыл күн тәртібі» аймақтық бағдарламасы қабылданды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.