Жол ережесін жиі бұзатын көлік жүргізушілері жеңілдіктен қағылмақ
Жол ережесін жиі бұзатын көлік жүргізушілері жеңілдіктен қағылмақ. Ішкі істер министрлігі әкімшілік айыппұл төлеудің тәртібін қайта қарап жатыр. Полицейлер заң қатаңдатылса, жолда қалай болса солай, көлік айдайтын жүргізушілер тәртібін түзейді деген сенімде. Қазақстанда айыппұлды 50 пайыздық жеңілдікпен төлеу 2015 жылдан бері бар.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
25.07.2022
Жандос Мұратәлиев, ҚР ІІМ комитет төрағасының орынбасары:
- Қазіргі кезде ішкі істер министрлігі бірнеше өзгерісті пысықтап жатыр. Соның бірі – бір жыл ішінде бес рет әкімшілік құқықбұзушылық жасаған тұлғаларға жол ережесін бұзғаны үшін 50 пайыздық жеңілдікпен айыппұл төлеу мүмкіндігін алып тастау.
Сондай-ақ, қазақстандықтар көлік жүргізу кезінде орташа жылдамдықты арттыратын болса, айыппұл арқалауы мүмкін. Стандарттау және метрология институты бұл терминді әкімшілік заңнамаға енгізу бойынша жоба дайындап қойған. Ол күзге қарай қабылданбақ. Құжатқа сәйкес, бейнебақылау камералары жолдың белгілі бір бөлігіндегі машинаның орташа жылдамдығын автоматты түрде анықтайды және мөлшерден асып кеткен жағдайда автокөлік жүргізушісіне дереу айыппұл қағазы келеді. Бұл жүйе алдымен қала маңындағы жолдарда сыналады, содан кейін ғана қала көшелеріне енгізіледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!