{metadescription}
Алматы облысында бүтін бір саяжай ауыз сусыз қалуы мүмкін
Алматы облысында бүтін бір саяжай ауыз сусыз қалуы мүмкін

Алматы облысында бүтін бір саяжай ауыз сусыз қалуы мүмкін

Алматы облысында бүтін бір саяжай ауыз сусыз қалуы мүмкін. Себебі, мыңнан астам тұрғынды тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отырған су мұнарасына апаратын жол жабылмақ. Ал су ұңғымасы Алматы Үлкен айналма жолдың бойында орналасқан. Тұрғындар 30 жыл бұрын өз қаражаттарына салған қондырғы бұзылса оны қазып жөндеуге ауыр техника кіре алмай қалады деп қауіптенеді. Сондықтан, автокөлік дәлізін салып жатқан жауаптылардан техника сиятын кішкентай жол қалдыруды сұрап отыр.

Мыңнан астам тұрғынды ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған мына су мұнарасы отыз жыл бұрын салынған. Тереңдігі 156 метрлік ұңғыма жиі бұзылады екен. Алайда мына жалғыз жол жабылса істен шыққан қондырғыға ауыр техника кіре алмай, тұрғындар тіршілік нәрінсіз қаламыз ба деп қорқады.

Қарасай ауданына қарасты «Әсел» саяжайының жұрты Үлкен Алматы айналма жолының кесірінен жалғыз су торабын жөндей алмай тығырыққа тірелеміз деп үнжырғасы түсті. Өйткені, аталған жолға тротуар мен арық жүйесі салынады деп жоспарланған.

Бейбіт Торабаев, саяжай тұрғыны:

Бір күні мына насос жанып кетсе ол 150 метр тереңдікте құбырдың ішінде жатыр. Жөндеу өте қиын процесс. Үлкен кран керек. Ол 25 метрден кем болмау керек. Оны көтереді. Бөлшектеп алады. Кран болмаса жөндеу мүмкін емес. Талап ететініміз бізге осы жолды жасау. Арнайы техника кіретіндей. Ешқандай бөгет болмайтындай.

Биіктігі 12 метрлік мұнараның тура жанында тұратын Асқар Мадияров та жол жабылса өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем қызметі де кіріп-шыға алмай қиналамыз деп наразы.

Асқар Мадияров, саяжай тұрғыны:

- Маған жол керек. Жедел жәрдем қызметі кіре алмады. БАКАД-тың өкілдері көрді. Балам ауырып жатқан. Айттым, міне кіре алмай тұр деп. Мен не істеймін дейді. Олар заң бойынша алты метрлік жол жасау керек еді. БАКАД басшысы келгенде адам құсап жолды сұраған едім. Ола айтты керек болса мына жердің барлығын қазып тастаймын. Саған жол жоқ деді. Не істеп аласың деп отыр.

Үлкен айналма жолдың құрылысы басталғалы бұл елді-мекен тұрғындарының берекесі қашқан. Жолдың бойындағы жалғыз аялдаманы алысқа көшіргені де көпшіліктің ашуын туғызды.

Анар Жақұпова, саяжай тұрғыны:

- Аялдама болған мына бұрышта. Оны да алып тастады. 1 қыркүйекте сабақ басталады. Немеренің барлығы қалада оқиды. Енді қай жақтан отырады олар. Өте қиын жағдай болып жатыр. Ана жаққа төмен түсуіміз керек. Райымбек жаққа. Сол жерден бұрылып жатыр автобустар. 

Айта кетейік, құны 180 миллиард теңгеге бағаланған айналма жолдың құрылысы бес жыл бұрын басталған. Бетоннан құйылатын тас жол Алматының солтүстік аумағын түгел айналып, Алматы облысының Талғар, Іле, Қарасай аудандарын басып өтеді. Ұзындығы 66 шақырымға созылатын автокөлік дәлізі 2024 жылы аяқталады деп жоспарланған. Әкімдіктегілер жауапты комитеттің өкілдерімен ақылдасып, өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын шешім шығаруға тырысамыз деп сендірді.

Қуаныш Қожахметов, Райымбек ауылдық округі әкімінің орынбасары:

- Ол сұрақтан хабардармыз. Қазіргі таңда сол мәселені шешуге БАКАД басшыларымен жұмыстар жүргізілуде. Бүгін кешке сол кісілермен отырып, осы екі мәселені шешеміз. Екі мәселенің біреуі айналма жол арқылы БАКАД-қа кіруге, екіншісі суға баратын жол және екі үйге баратын жол мәселесі.

Аталған жобаға жауаптылар су мұнарасына апаратын жол жабылмайтынын мәлімдеді. Тіпті, ені 3 метр, ұзындығы 50 метрлік жолға асфальт төселеді деп жоспарланған. Сондықтан, тұрғындарға әзір байбалам салып, шу шығаруға ешқандай негіз жоқ деп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде