Әлеуметтік базарларда сатылатын қант қымбаттауы мүмкін
Қазақстанда әлеуметтік базарларда сатылатын қант қымбаттауы мүмкін. Әкімдіктің әлеуметтік дүкендеріндегі арзан бағаға көз сүзген Ауыл шаруашылығы министрі шекердің бір келісін 600 теңгеге сатуды ұсынып отыр. Яғни, баға нарықпен теңдестірілмек.Шайына қант салмайтын Қарашөкеев тәтті тауардың бағасы көтерілсе, өзіндік құны ақталады, бір жағынан халық арасында әкімдер қолдан жасаған дүрбелең басылады деп есептейді. Дегенмен, министрлердің сөзіне сенсек, қымбатшылық уақытша ғана сыңайлы. Ресей қант экспортына тыйымды 31 тамызда алса, күзде баға төмендейді деген болжам бар.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
26.07.2022
«Қазақстанда қант қоры» жеткілікті деп, халықты сабырға шақырудан жалықпайтын шенеуніктер бүгінгі баспасөз конференциясында да соны айтумен болды. Елімізде 28 мың тонна қант қоры бар деген министрлер елдің шекер жоқ деп сабылып, дүрлігуіне әкімдер кінәлі деп санайды. Яғни, бағаларды тұрақтандыру үшін бар жанын салатын өңірдегі тұрақтандыру қорлары қанттың бір келісін тым төмен бағада сатып жатқан көрінеді.
Ауыл шаруашылығы министрінің дерегіне сүйенсек, Павлодар облысында тұрақтандыру қоры қантты 448 теңгеге сатып алып, 416 теңгеден сатқан. Алматы облысы қантты 276, Ақтөбе облысы 363, Маңғыстау облысы 400 теңгеден саудаға шығарған. Мұндай арзанға есі кеткен ел жапа-тармағай тауарды сатып алуға жүгіреді. Қарашөкеев осыдан әлеуметтік шиелініс туындайды дейді.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Бағаларды тұрақтандыру жөніндегі шаралар шеңберінде өңірлердің тұрақтандыру қорлары қантты төмен бағамен сатуды жүзеге асырады. Бұл дүрбелең мен үлкен сұранысқа әкеледі. Жекелеген әкімдіктер қантты өзіндік құнынан төмен бағамен сатуы да орын алған. Әкімдіктер тарапынан осы ісәрекеттер дүрлікпе сұраныс пен әлеуметтік шиеленістің туындауына әкеп соқты.
Қант бағасын түсіру үшін шыр-пыр болып жүрген Ауыл шаруашылығы министрін қазір түсінуге болады. Ол осы тәтті тауар үшін Президенттен сөз естігені ел есінде. Қарашөкеевпен бірге сауда министрі Бақыт Сұлтанов та сөгіс алған еді. Ол да қазір жатпай-тұрмай қант бағасын реттеумен жүр. Үкімет мүшелері жұрттың дүрлігуін шекер құнын қымбаттатқанда ғана баса алатындарына сенімді.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Бұл жағдай отандық қант зауыттарында құрақ қанттың өзіндік құнының өсуіне әкеп соқты. Бүгінгі таңда зауыттар 1 келі қантты 450 теңгеге сатады. Бұл ретте көтерме және бөлшек сауда сатушылары қосатын 15% үстеме бағаны ескерсек, қанттың ең төмен бағасы шамамен бір келісі 595-600 теңге болуы қажет. Бұл нарықтық тауар, сондықтан минималды бағалар отандық нарықтағы қант бағасының өсуімен байланысты.
Министрлердің болжамды бағасы әзірге нақты бекімеген. Өйткені, тауардың басым бөлігі Қазақстанға импортталады. Өзіміздің қантпен өзімізді толықтай қамтитын мүмкіндігіміз тағы жоқ. Осы уақытқа дейін ресейліктерге иек артып келген біз бір күнде тарықтық та қалды. Көршілеріміздің қант экспортына тыйым салуы еліміздегі қант бағасының өсуіне әкелді. Енді шенеуніктер Ресейдің 31 тамыздан әрі қарай тыйымды созбайтынына қуанып отыр.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Ресей Федерациясының болжамына сәйкес, биыл қыркүйекте көршіміз қант экспортына рұқсат беруі керек... Шілде мен тамызда қант бағасы жоғары болады. Кейін баға төмендейді деген болжам бар. баға тұрақтанады.
Қазір Қазақстанда қант импортына квота арттырылды. Бірақ, оның қызығын отандық өндіруші зауыттар емес, ұсақ трейдерлер көріп отыр. Нәтижесінде өнімді жеткізушілер уәде еткендерінің үштен бірін ғана жеткізген. Зауыттардың өзі жұмыс істеп, қуаттылығын арттырған күннін өзінде елді қантпен толықтай қамтамасыз ете алмайтын еді. Өйткені, тоғыз кәсіпорынның тек төртеуі ғана қазіргі сұранысты жабуға тырысып бағып жатыр.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Егер біз барлық зауыттың толықтай жұмыс істеуін қамтамасыз етсек, олар бәрібір бізге керек көлемді жаба алмайды. Өйткені, олардың толық қуаттылығы 570 мың тонна тұтынған кезде 440 мың тоннаға дейін жетеді. Зауыттардың жаңартуға немесе импортқа тәуелді болып қала беруге тура келеді.
Министрлер қант болсын, басқа да азық-түлік болсын, оны сатып жатқан базарлардағы әділетсіздікке де тоқталды. Құзырлы органдар тексерген кезде, бірнеше заңбұзушылық анықталған. Ірі сауда базарлары жалға алу құнын өсірген екен. Бір сөзбен айтқанда, нарыққа қатысушылар тауарға жасанды тапшылық тудырған. Енді үкімет базар иелеріне заңды қатаңдатпақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!