Ұлытау облысында ірі қара қырылып жатыр
Ұлытау облысында ірі қара қырылып жатыр. Бүгінге дейін Мибұлақ ауылынан 70-тен аса сиыр баудай түскен. Қазір ауыл карантинге жабылды. Сараптама арам өлген ірі қарадан екі ауруды бірден анықтапты. Мал иелері қазір осы кеселдерге қарсы дәріні өз қаражаттарына алып, емдеп жатыр. Бірақ ол көмектесер емес. Сондықтан тұрғындар дұрыс диагнозбен ем-дом жасай алмаған мал дәрігерлеріне ашулы.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
26.07.2022
Ауырған мал алғашында күйіс қайтармай қалады. Іле шала іші өтіп, сауын сиырлардың сүті жоғалады екен. Бірнеше күнде ақ арам қатады. Алғашқы жайт 18 ші маусымда тіркелген. Бірінші сынама Ринотрохит кеселін көрсетсе, кейінігісі тейлериозды тапқан. Алайда ауыл тұрғындары қойылған диагнозға күмәнмен қарайды.
Жеделбай Жанмайылов, Шаруа қожалығының жетекшісі:
- Мына кене деген ауруда қан сап сары боп суша ағады. Ал кейінгі мынаны бауыздап көрдік, бұның қаны қып қызыл. Бұл басқаша ауру ма деп отырмын мен. Қауіпті болып тұр, егер кене болса, мына көрші ауылдың бәрі ауырады, бәрінде кене бар.
Кеселді қайтарады деп мал дәрігері жазып берген емнен әзірге пайда болмаған. Оның үстіне ауру малға беріліп жатқан екі түрлі дәріні сатып алу ауыл тұрғындарына ауыр тиюде. Өткені аурудың бұл түрлері мемлекеттік қолдау тізіміне кірмейді. Тиісінше өлген малға өтемақыда да төленбейді екен.
Клара Ахметова, Мибұлақ ауылының тұрғыны:
- Өзіміздің қалтамыздан шығын шығарып, 1 флакон дәріні 16, біреуін 12 мыңға алып отырмыз. Өзіміздің жұмсаған дәріге 400 мыңнан асып кетіпті. Мал бағамыз ба, ауырған малды күтеміз бе, өзіміз білмей қалдық!
Ал, облыстың бас ветеринары мәселенің ушығуына шаруалардың өздері кінәлі дейді.
Төлеген Рысбеков, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Ұлытау облысы бойынша аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы:
- Бұл кісі қазір жанындағы малдардың ауруына ықпал жасап отырған сияқты аурудан таралуына. Мал өлгеннен кейін 18 күн өткеннен кейін хабарлаған. Оған дәрі бөлінген. 11 күні еккен. Ауру малдар мал дәрігерлерінің қарамағында.
Алайда тұрғындар алғашқы мал өлген күні ақ аттандағандарын дәлелдеп бере аламыз деп отыр. Ауырған сиыр санының артуы мал дәрігерлерін енді алаңдата бастапты. Сондықтан үшінші сынама алынып, сараптамаға жіберілген. Карантинге жабылған ауылда арам қатқан малды жоюмен республикалық эпизотикалық отряд айналыспақ. Жергілікті ветеринарлар таппаған емді енді солар іздейтін болыпты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!