Тентектерді тапаншамен де тоқтата алмаған
Тентектерді тапаншамен де тоқтата алмаған. Алматы әуежайында түн жарымда төбелес шығарғандарға қатысты бүгін полиция ақпарат таратты. Қамауға алынған үш жігіттің екеуі бұрын да адам тонап, ұрлық жасап істі болған екен. Ал бұл жолғы қылықтары үшін енді 10 жылға дейін бостандық көрмеуі мүмкін.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
26.07.2022
- Сендерге осы керек па? Қаш, қаш...
Оқиға кеше түнгі бірлер шамасында болған. Ащы суға сылқия тойып алған 3 жігіт сөзге келіп, өзара жаға жыртысыпты. Тіпті, оқиға орнына дереу жеткен полицейлер де ажырата алмаған. Соңында, тәртіп сақшыларының өздері таяқ жеп тынды. Тентектің біреуі қолындағы сыраның шөлмегін сындырып, полицейлердің біріне тұра ұмтылған. Оны аспанға атылған оқ та тоқтата алған жоқ. Жабылып жүріп, қолдарына кісен салынған үш жігіт Алматы қаласы мен Түркістан облысының тұрғындары. Оларға қатысты бұзақылық бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Заңға сәйкес, мұндай жағдайда 3 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!