Тынысты тарылтқан тығыз қоныс
Тынысты тарылтқан тығыз қоныс! Елордада сырты жылтырағанымен, тұрғындарының ішіне көңілі толмайтын тұрғынүй кешендері көп. Құрқұлтайдың ұясындай аулада үлкендер кешкісін демалатын жер, балалар ойын алаңын таппай қиналады.
Автор: Әзиза Төленби
27.07.2022
Мына көпқабатты үй мемлекеттік бағдарламамен берілген. Ақордадан үш шақырым жерде ғана. Тек тығыз салынған үйдің мәселесі шаш етектен. Тұрғындары талай жыл ақша жинап, дәл осыған ұрынғандарына енді өкініп жүр. Өйткені мұнда бала ойнатпақ түгіл, соқа басты алып жүретін орын жоқ. Өйткені, тоғыз қабатты үш үй бір ауланы бөлісіп отыр.
Жұмагүл Алпысова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Кешке шыққан кезде тіпті ыңғайсыз мына жер. Балалармен шықсаң, келіп жатқан, кіріп жатқан машиналар да, такси де келіп жатады. В общем орын жоқ. Анау ойнайтын ойын алаңында немерелерімді ойнататын возможность жоқ. Ол үш үйдің ортасында. Мына жерлерде бос жатыр. Осы жерлерге машиналардың тұрағын істесе, мына жерлер ашылып, балаларға қауіпсіз бола еді.
Әзірбаев көшесі тұрғындарының арманы көп. Басқалар құсап қоршалған аула, кең ойын алаңы мен жеке көлік тұрағын қалайды. Алайда, мұның бәрі тек қиял боп қалатын түрі бар. Өйткені, өзі қысқа әрі кішкентай көшеде құрылыс бір дамылдаған емес. Кіріп-шығатын көлік те көп. Тоғыз қабатты он алтыншы үйдің өзінде 130 көлік бар.
Ернат Мелсұлы, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Басында осы үй бірінші берілді. Одан кейін мына, сосын анау үй берілді. Содан кейін нақты ытығыздығы, ойын алаңы, ауланың жетіспеушілігі сосын көлік ұрғаның жоқтығы сезіле бастады. Сосын былтыр тұрғындар, пәтер иелері қолымызды жинап, әкімдікке хат жолдағанбыз. Хат жолдағада әкімдік жауап берді, бұл жерге әзірге ақша қарастырылған жоқ, алдағы уақытта ескереміз дейді.
Таң қаларлығы, мектепке апарар жол мен тұрақ салуға ақша таба алмай отырған әкімдік басқа құрылысқа рұқсат беріпті. Кранның дауысы естілісімен Әзірбаев тұрғындары өре түрегелген. Бірақ одан пайда жоқ. Қаланың бас жоспары қалай сызылып, не салынатынынан Құрылыс басқармасы да, әкімдік те бейхабар.
Жапсарлас салынған тұрғынүй кешенінің жанында мынадай бос жатқан жерлер өте көп. Олардың игерілмей жатқанына бір емес, бес жыл уақыт болған. Солардың бірі жақында қоршалып, құрылыс басталыпты. Бірақ әзірге онда не салынатыны белгісіз. «Өзіміз қалағандай көлік тұрағы да, саябақ та болмайтыны анық» дейді тұрғындар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!