Қоғамдық тамақтану кәсіпорындары қантпен қамтылатын болды
Қазақстандағы қоғамдық тамақтану кәсіпорындары қантпен қамтылатын болды. Бүгін бизнес қауымдастықпен кездескен Ауыл шаруашылығы министрлігі үш ірі қалаға қосымша шекер жөнелтеміз деген уәдесін берді. Өйткені, кәсіпорындардың көбі қанттың жоқтығынан жабылудың сәл-ақ алдында тұрған көрінеді.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
28.07.2022
60 мыңға жуық қоғамдық тамақтану орнына қант бағасының өсуі қатты әсер еткен. Өйткені, олардың мәзірлерінің 90 пайызы шекермен жасалады. Баға күрт шарықтағанда кәсіпкерлер делдалдардың оны қымбатқа сатып жатқанын, тіпті тауардың жоқтығын айтып, қауымдастыққа арызданыпты. Бас көтерген бизнесмендерді Ауыл шаруашылығы министрлігі бүгін жұбатты. Тұтынушысы көп Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары бірінші болып қосымша қант алатын болды. Алайда, мың тонна тәтті өнімнің қай кезде және қандай бағамен жеткізілетіні беймәлім. Еске салайық, өңірлердегі әкімдік жанындағы базарларда қант өзіндік құнынан төмен бағада сатылған. Министр Қарашөкеев бұған әкімдерді кінәлап, халық тұтынып отырған шекердің құнын нарықпен теңестіріп, 600 теңгеден сатуға ұсыныс жасады.
Жанат Өсербай, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- Кездесу қорытындысы бойынша шағын және орта бизнесті қосымша қолдау және қоғамдық тамақтану объектілерінің индустриялық қант қажеттілігін толық қамтамасыз ету туралы шешім қабылданды. Қоғамдық тамақтану қауымдастық басқа қалалар бойынша тізім жасап, қажетті қант көлемін есептейді. Бұл орайда Қауымдастық пен әкімдіктер аталған қантты беру алгоритмін әзірлейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!