Қазақстан көмірді сыртқа шығаруға уақытша тыйым салды
Қазақстан көмірді сыртқа шығаруға уақытша тыйым салды. Енді автокөлікпен тасымалданатын көмір, одан алынған брикеттер, шекемтастар және қатты отынның ұқсас түрлері жарты жылға дейін шетелге сатылмайды. Өйткені, елімізде көмір арзан. Осыны пайдаланған делдалдар қатты отынды заңсыз жолмен шетелге экспорттауда.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
28.07.2022
Жанат Игісінов, ҚР ИИДМ Қара металлургия және көмір өнеркәсібі басқармасының басшысы:
- Жамбыл облысының Мерке ауданында көмір тиейтін орындарда қырғыздың нөмірі бар машиналар келіп, көмір тиеп, Қырғызстанға жөнелтіп жатты. Ешқандай шектеусіз. Сол 123 мыңды яғни автомобиль көлігімен шығарылған болатын. Ол ешқандай жерде есептеуде жоқ. Сол себепті негізгі мақсат – халыққа көмір толығымен жету үшін осындай шара қабылдауға мәжбүр болдық.
Алыпсатарлар ел ішінде де пайдасына түгел. Күн ерте суытатын орталық пен солтүстікте халықтың көмірге деген сұранысы артқанын біліп, олар қатты отынды тым қымбатқа сатыпты. Яғни өздері бір тоннасын 13 мың теңгеден сатып алып, жұртқа оны 30 мың теңгеден өткізген. Ел арасында дүрлігулердің себеп-салдарын анықтаған Индустрия министрлігі 2023 жылдың наурыз айына дейін автокөлікпен көмір тасымалдауға шектеу қоюды ұйғарыпты. Бұйрық жоспар бойынша бірінші тамызда күшіне ену керек. Қазақстанда көмір тұтыну көлемі шамамен 10 миллион тоннаға жуық, оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық секторға жұмсалатыны екі миллион тоннадан асады. Ал халыққа жеті миллион тонна қарастырылған. Айта кетейік, көмірді алыс-жақын шетелге теміржол арқылы тасымалдау жалғаса бермек. 300 жылдық көмір қоры бар еліміз жылына 111 миллион тонна өндірсе, соның 27 пайызын экспорттайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!