{metadescription}
Алматыда 200-ге жуық қызметкер еңбек ақыларын даулап жүр
Алматыда 200-ге жуық қызметкер еңбек ақыларын даулап жүр

Алматыда 200-ге жуық қызметкер еңбек ақыларын даулап жүр

Алматыдағы азық-түлік сататын ірі сауда желілері мен супермаркеттерде жұмыс істеген 200-ге жуық қызметкер еңбек ақыларын даулап жүр. Дистрибютерлік компания қаржылық қиындықтарға байланысты қарамағындағы қызметкерлерін қысқартыпты. Алайда супервайзер мен мерчендайзерлерге басшылық екі айлық қосымша сыйақыны бермеген. Жалақыдан бөлек атқарған қызметіне қарай төленетін маңдай тер ақыларын талап еткендер бүгін плакат ұстап, наразылыққа шықты.

Плакат ұстап, наразылыққа шыққан Алматыдағы азық-түлік сататын ірі сауда желілері мен супермаркеттерде жұмыс істеген қызметкерлер. Жақында қысқартуға іліккен 200-ге жуық супервайзер мен мерчендайзерлер дистрибютерлік компания маңдай тер ақымызды толық төлемеді деп отыр.

Нұржігіт Оралбаев:

- Мамыр мен маусымдағы бонустарды ала алмай отырмыз. Сату бөлімінің қосымша іске төленетін жалақы ол. Бізге белгілі бір мақсат қойылады. Сол мақсатты орындап, нәтижеге жетсек сол ақша төленеді бізге. Шамалап айтқанда орта есеппен бір адамға 80-90 мың төлену керек. Еңбек ақымызды талап етеміз. Біз ол мақсатты орындадық, орындап келгенбіз.

Тауарларды сататын әрі дүкен сөрелерінде өнімдердің ыңғайлы ретпен орналасуы мен таусылып қалмауын қадағалайтын қызметкерлердің ресми жалақысы 80 мың теңге. Дегенмен осы айлықтан бөлек атқарған жұмысының көлеміне қарай қосымша ақы төленіп, мамандар 160 мың қолдарына алып келген. Бірақ айдың басында Tezco Trade серіктестігі қаржылық қиындықтарды алға тартып, ұжым санын екі есеге қысқартыпты. Басшылықтың бұл шешімін де соңында естідік дейді ашулы қызметкерлер.

Әйгерім Ербол:

- Барлығының балашағасы бар. Несие бар. Пәтер жалдап тұратындар бар. Бізге ол нәрсе туралы бір ай бұрын айту керек еді. Бізге бір күнде айтты. Без содержание жазып кетіңіздер. Тауар жоқ деген сияқты әңгіме айтты. Бізге уволнение жазғызды. Барлығымызға. Біз айттық расчетный, бонус беріледі ме дедік. Бізге уәдені үйіптөкті. Барлығы беріледі деді. Бізге өзіміздің ақшамыз керек. Біреудің ақшасын сұрап жатқан жоқпыз.

Ал компанияның басшысы қол астымдағы қызметкерлермен толық есеп айырыстым деп міз бақпады. Заң жүзінде жұмысшыларға тиісті еңбек ақыларын бердік деген ол барлық құжаттарды тиісті органға көрсетуге дайын.

Мәди Әубәкіров, «Tezco Trade» ЖШС басшысы:

- Жағдай былай. Адамдар өз еркімен жұмыстан шықты. Компания қызметкерлерге заң жүзінде барлық ақшаны төледі. Жалақы және пайдаланбаған еңбек демалысының ақысы. Қазір біз кім қанша қаражат алғаны туралы анықтамаларды алып келеміз. Барлық құжаттарды прокуратураға өткіземіз.

Наразы топ бұл жауапқа қанағаттанған жоқ. Енді құзырлы органдарға ұжымдық арыз жазбақ. Олар еліміздің түкпір түкпірінде филиалы бар серіктестікті еңбек инспекциясы мен прокуратура тексерсін деген талап қойды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде