Семейде асфальттың үстіне қиыршық тас төсеген
Семейде тұрғындар асфальттың үстіне қиыршық тас төсегендердің қылығына наразылық білдірді. Олар жергілікті биліктен талай жыл жөндеу көрмеген жолды қайтарып беруді талап етуде. Өйткені, шағыл тастардың үстімен көлік тұрмақ, жаяу адам жүруден қалған.
Автор: Ұлан Нұрахмет
28.07.2022
Мұратхан Мұқажанов, Березовский ауылының тұрғыны:
- Мынаумен қалай жүреміз? Біз үлкен кісілер бірдеңе қылып жүрерміз. Ал, балалар осымен жаяу жүреді. Құлайтын болса, аяқтарын сындырады. Жолды тезірек жасасын.
Бұл Березовский ауылының орталық көшесі. Жол жөндегіштер асфальт үстіне қиыршық тас төсеумен ғана шектеліпті. Бірақ, оның өзі оңып тұрған жоқ. Өйткені табаныңа бататын тастың үстімен жаяу жүрудің өзі оңай емес. Көшеде көлік біткен тұсаулы аттай тұралап қалды. Себебі, жолға төселген шағыл доңғалағын тіліп түседі. Ал, атқамінерлер ескі асфальттың үстіне қиыршық төселгенінен хабарсыз екен.
Жасар Түсіпов, Семей қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:
- Асфальт үстіне қиыршық тас шынымен төселді ме? Оны біз анықтаймыз. Осы жұмыстарды жүргізген мердігер мекемемен сөйлесетін боламыз. Алдағы уақытты оның бәрі талданады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!