{metadescription}
Ақша бермесең азаматтық алу қиын
Ақша бермесең азаматтық алу қиын

Ақша бермесең азаматтық алу қиын

Ақша бермесең азаматтық алу қиын! Алматы облысында бір жылдан бері Қазақстан азаматтығына қол жеткізе алмай жүрген қандастар осылай деп шу шығарды. Өзбекстан мен Қытайдан қоныс аударған қазақтар Жамбыл аудандық көші-қон қызметкерлерінің жұмысына наразы. Атажұрттың азаматы атану арманға айналды деген ағайын полицияға ауызбастырық бермесең сан түрлі сылтау айтып күнде ертеңмен сандалтады деп отыр. Полицияның бұған қатысты өз уәжі бар.

Салтанат Телешбаеваны мемлекеттік емханалар тіркеуге алмайды. Басы ауырып, балтыры сыздаса келіншек үйінде емделуге мәжбүр. Үш баласын да жекеменшік балабақша мен мектепке берген. Себебі Өзбекстаннан қоныс аударған әйел азаматтық ала алмай жүр.

Салтанат Телешбаева:

- Жекеменшікке барамыз. Басқа жер бізді қабылдамайды. Емделудің өзі қиын. Босандым. Оны да жекеменшікке бардық. 300 мың теңге кетті. Үкіметтің перзентханасына бару үшін құжатымыз жоқ. База істемей жатыр деп бір жыл жүрді. Сосын келдік. Бір жетіден кейін келіңдер. Бір жетіден кейін келеміз. Ертең келіңдер дейді. Сол айтатын әңгімелері.

Жамбыл ауданында Салтанат сынды екі ортада сабылған 30-ға жуық қандас бар. Барлығы осы полиция бөлімшесіне күнде келеді. Бірақ оларды «жүйе істен шықты, қызметкер жетіспейді» деген сан түрлі сылтаумен шығарып салады екен.

Нұрбек Тұрғынбаев:

- Келсек бір күні анау жоқ болады. Біреу еңбек демалысына кетті дейді. Орнына адам тастап кету керек қой бәрібір. Немесе жүйе істемей тұр дейді. Қалай база істемейді. Шымкентте болмаса қалада тапсырады адамдар. Үш айда алып жатыр. Мына жерде ондай емес. Құжатсыз жұмыс істеу қиын. Мемлекеттік мекемеге жұмысқа кіре алмаймыз мысалы. Зейнетақы жүрмейді. Сақтандыру да жүрмейді.

Атажұртқа ағылған ағайын үшін Қазақстан азаматтығын алу нағыз азапқа айналған. Бума-бума құжат арқалаған қандастар дәл осы аудандық көші-қон полициясының табалдырығын бір жылдан бері тоздырып келеді. Бірақ көк түсті құжатқа әлі күнге дейін қол жеткізе алмаған.

Сергелдеңге түскен ағайын көші-қон қызметкерлері ақша дәметеді деп ашық айтып отыр.

Айшолпан Сейітмұратова:

- Сол дәмететінін білдім. Себебі бір қызбен бір күнде құжат тапсырғанбыз. Осылай келіп жүргенбіз. Ол қыз жолдамасын алып кетті. Көреміз ғой келгенде. Ол ыхтияр хатын алып алды. Мен әлі суретке түсе алмай жүрмін. Ол осындай ақшамен бітірдім деп айтып кетті маған. Демек бұл жердің барлығы ақша. 

- Мен өткен аптада келгем. Сіздер бірден қабылдап алмайсыздар. Сарсаңға салдыңдар

Қандастардан құжат қабылдайтын жерде күнде осындай айғай-шу. Өйткені, қызметкер жетіспейді. Оған қоса, жүйе де жиі істен шығатынын көші-қон қызметінің өкілдері жасырмайды.

Бақберген Тәттібаев, Жамбыл аудандық көші-қон қызметінің аға инспекторы:

- Азаматтық алу екі айға созылу керек. Бірақ базаға байланысты созылып кеткен. Ыхтияр хат пен азаматтыққа жауапты қызметкер өзінің өтініші бойынша жұмыстан шеттетілді. Жақын арада орнына адам келеді. Оны басшы құрамы жақын арада шешеді деп ойлаймын.

Төзімі таусылған қандастар көші-қон қызметінің инспекторын жағадан алуға дейін барды.

- Сіздерге айтайын. Мына жер нағыз жемқорлық. Бұлар қазір бітетін құжатты үш күннен кейін кел дейді. Құжаттың арасына 510 мың қыстырып беріңізші қазір шығарып береді. Көзінше айтайын.

Жамбыл ауданында ыхтияр хат, қандас мәртебесі мен азаматтық алу машақатын жіпке тізген ағайын Ішкі Істер министріне хат жазды. Олар Марат Ахметжановтан аудандағы көші-қон қызметінің жұмысын реттеп беруді сұрайды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде