Дәрігерлер, мұғалімдер мен бизнесмендер де ауыл әкімі болып жатыр
Дәрігерлер, мұғалімдер мен бизнесмендер де ауыл әкімі болып жатыр. Былтыр шілдеден бері 1093 елді мекенге жаңа басшы сайланған. Олардың ішінде 215-і өз-өзін ұсынғандар. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің сөзінше, бір жылда еліміздегі ауыл әкімдерінің корпусы 55,6 пайызға жаңарған.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
29.07.2022
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
- Бір жылдың ішінде елдегі ауыл әкімдерінің корпусы 55,6% жаңарды. Бұл 608 ауылға жаңа басшы келді деген сөз. Оның басым бөлігі бұрын мемлекеттік қызметте істеп көрмеген. Яғни, дәрігерлер, мұғалімдер, бизнесмендер, жергілікті кәсіпорын мен шаруа қожалық басшылары халық сеніміне ие болып, әкім ретінде сайланып отыр.
Жаңа әкімдер Маңғыстау облысында көп. 18 әкім сайланса, соның 14-і өзінің сайлауалды бағдарламасын алғаш рет іске асырып көрмек. Маңғыстаудан кейін Қарағанды облысы тұр. Мұнда ауыл әкімдерінің сайлауына түскен 79 азаматтың 61-і бірінші рет әкімдік қызметке келген. Жамбылдықтар да әкімдерді таңдауда алдына жан салмапты. 51 жаңа басшыдан күтер үміттері көп. Биыл жыл аяғына дейін 214 ауыл әкімі тікелей сайлау арқылы қызметіне кіріссе, 2023 және 2024 жылдарға 1037 ауылдық округте әкім сайлауы жоспарланып отыр. Осы жексенбі күні, 31-ші шілдеде 27 ауылдық округте саяси науқан өтпек. Сондай-ақ, халық жақын күндері аудан әкімдерінің сайлауында да өз таңдауларын жасайды. Айта кетейік, әкімдердің қызметтік мерзімі - 4 жыл.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!