Қарағандыда аудан әкімі мен оның орынбасары қатаң сөгіс алды
Қарағандыда аудан әкімі мен оның орынбасары көгалдандыру шаруасын құлдыратқаны үшін қатаң сөгіс алды. Өйткені облыс орталығы биыл көгалы мен жасыл желегінен жұрдай болған. Қала бойынша отырғызылған гүл атаулы да өнбей қалды. Ал қызу жүріп жатқан құрылыс нысандарындағы ағаштың баудай түсіп жатқаны тұрғындар мен экологтарды ашындырып отыр. Шенеуніктер болса, ірі құрылыс компаниялары отап жатқан ағаштардың санына жете алмай жүр екен.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
29.07.2022
Биыл Қарағандыда гүл өспеді. 190 милион теңгенің тендерін «Жандос» мүгедектер ұйымы жеңіп алған. Ұжымында мүмкіндігі шектеулі 10 адамы бар ұйым 400 мың гүлді қалай отырғызғаны белгісіз, бірақ жаппай қырылып қалды. Десе де оларға 190-ның 80 миллион теңгесі төленіп те қойыпты. Ал таздың басындай болған гүлзарларға қала тұрғындары әкімнен гүл сұраған хабарламалар қалдырып жатыр.
Павел Подвигин, эколог:
- Кәсіби біліктілігі жоқтар жұмысты алып отыр. Иә, мүгедектер ұйымы болғаны үшін белгілі бір жеңілдіктер арқылы тендерді ұтып алған шығар. Оның үстіне бағаны 250 ден 190 миллионға дейін түсіріп жіберген. Солай ұтып отыр. Енді келіп ақша жетпей жатыр дейді. Оларға ешкім қысым жасамайды, бірақ шама шарықтары келетін жұмыспен айналыссын.
Биліктегілер мердігермен келісім шартты бұзып, басқа тендер жариялаймыз деп отыр. Бірақ одан биылдыққа қала гүлденіп кетпейді. Ал Қарағандыдағы жайқалған ағаш атаулыға пайда қуған құрылыс компаниялары қасапшы боп алды. Жерді алды, қоршады, арғысына өзім би өзім қожа. Бірен сараны ғана ағаш кесуге өтінімді өздері береді екен. Олар қырқылған біреудің орнына биылдан бастап 10 тал егуі шарт. Бірақ егілген талдардың күтімі мен ары қарайғысы оларды алаңдатпайды.
Ирина Игнатович, эколог:
- Қандай және қанша ағаш кесілді. Оның орнына қанша ағаш, қайда отырғызылды, олардың неше түбін алып кетті, қаншасы қурап қалды деген ақпараты бар реестр жоқ. Бұл кешенді проблема. Іс жүзінде былай, кесілген ағаштарға өтемақы ретінде отырғызылған 200 тал 3 айдан кейін қурап қалды. Жалпы бізде көгалдандыру бағдарламасы жоқ.
Шенеуніктер тал еккендер оның күтімін екі жыл бойы жүргізуі керек дейді. Бірақ мына көріністен оны байқау қиын. Ал жеке аумағында ағаш кескен құрылыс нысандарына жұрттан арыз түспесе бас сұғуға қауқарымыз жоқ дейді. Сондықтан жекеге жер бөлгенде жергілікті билікке ағаш санататын ереже енгізуді сұрап отыр.
Мақсұт Қожанов, Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары:
- Біз ұсыныс енгіздік қой. На начале стройтельсва, рұқсат бермегенде, бірінші біздің қағаз болуы керек. Біздің маман шығады, қарайды, қанша ағаш кесіледі 5 ағаш па 10 ағаш па? Породасы қандай, ұзындығы қандай? Бүкілін жазады. Содан енді зависить етеді, қанша компенсация болады. Ол бізге арыз жазса мынаны кесеміз деп, біз содан кейін рұқсат береміз.
Қарағандыда 2018 жылы бюджеттің 65 миллион теңгесіне жасалған жасыл желектің электронды картасы бар. Бірақ осы Дендрожоспарды жасағандар авторлық құқықты тастамай кетіпті. Сондықтан ол ашылмайды. Жасыл желектің саны да соның ішінде қалды. Желге ұшқан миллиондардың да сұрауы болмай тұр.
Мынау орталықтағы оазис саналған бұрынғы бейбітшілік қазіргі Назарбаев даңғылының ортасындағы гүл бағы. Бала шаға шапқылып, елдің көбі бел жазып көгалда отыратын еді. Былтыр да, биыл да мұндай пейзаж жоқ бұл жерде. Сөйтсе, көгалды суаратын насостар істен шыққан екен. Жөндеп жатырмыз дейді. Бірақ олар да биыл емес, келер жылы іске қосылады екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!