Программистерді қорқытып-үркітіп криптовалюта өндірткен
Қолынан іс келетін программистерді қорқытып-үркітіп криптовалюта өндірткен. Алматы облысында осындай астыртын жолмен әрекет еткен майнинг фермасы әшкереленді.
Автор: Елдос Есенбол
01.08.2022
Талғар ауданында тығылып саудасын қыздырғандар осындай жолмен ақшаны күреп тауып келген. Күдіктілер ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірігіп жүргізген арнайы операция кезінде қолға түсті.
Ақтоты Боранова, ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі:
- Қылмыскерлер 36 жастағы IT маманды қорқытыпүркітіп, майнинг фермасының жұмысын жүргізуге мәжбүрлеген. Оларды тінту кезінде жедел уәкілдер заттай дәлелдемелер мен қылмыс құралдарын, сондай-ақ жалпы сомасы 7 миллион долларға жуық майнинг фермалардың жұмысына арналған 6 мыңнан астам құрал-жабдықты, Макаров тапаншасын, жалған автокөлік нөмірлерінің 3 жиынтығын тәркіледі.
Жеңіл ақшаға құныққандардың «олжасы» бұнымен шектелмейді. Олардан тағы «Сталкер», «Ретай» маркалы тапанша, 60 оқ және Калашников автоматы табылған. Қылмыстық топ осындай заңсыз майнингтен ай сайын 300-500 мың доллар көлемінде пайда көріпті.
Топ құрамында жалпы саны жеті адам болған. Тергеу кезінде оның біреуі әскери қызметкер екені белгілі болды.
Арнайы операция Қазақстанның басқа да аймақтарында жүргізілген. Алматы, Шымкент қалалары мен Жамбыл, Ақтөбе облыстарынан жалпы саны 23 қылмыстық топ өкілдері тұтқындалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!