Қорғаныс вице-министрі: Сарбаздардың өзін өлтіруіне несие себеп
Сарбаздардың өз-өзіне қол жұмсауына несие себеп! Соңғы уақытта әскер қатарында жиілеген суицидке қатысты қорғаныс вице-министрінің жауабы осындай. Қарыздан бөлек, түрлі әлеуметтік проблема, отбасындағы жанжалдар да сарбазды күйзеліске түсіріп жүр екен.
Автор: Елдос Есенбол
02.08.2022
«Ал әскерде ақша жинайды, әлімжеттік белең алған деу қисынсыз», - дейді вице-министр Дархан Ахмадиев.
Соңғы уақытта әскери борышын өтеп жүрген сарбаздың өзіне қол жұмсау деректерінің көбейгенін қалың бұқараның көзі көріп, құлағы естіп отыр. Мұндай суыт хабар жиілегелі ата-аналардың да баласын әскерге жібергісі жоқ. Армиясын ретке келтіру керектігін ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та айтты. Мемлекет басшысының пәрменінен кейін бұл жағдайды май шаммен қарайды деп арнайы комиссия да құрылған.
Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қорғаныс министрлігінің өкілдеріне бұл сұрақ қойылды. «Әскердегі суицидке негізінен түрлі әлеуметтік жағдайлар себеп», - дейді министрдің орынбасары Дархан Ахмедиев. Тіпті кей сарбаздардың миллиондаған несиесі бар екен.
Дархан Ахмедиев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:
- Бізге 18 жастағы жігіттер борышын өтеуге келеді. Солардың ішінде, өкінішке қарай, мойнында 9 миллион теңге тұрмыстық және басқа да неиесі бар сарбаздар болды. Бұл бір себебі. Яғни, бұдан да бөлек әлеуметтік проблемалар бар. Соның бәрі суицидтің триггері болып жатыр. Әр жағдайды жеке алып қарау керек. Себебін жалпылама айтуға болмайды.
Соңғы бес айдың ішінде елде 4 мыңнан астам суицид фактісі тіркелді дейді қорғаныс министрлігінің өкілдері. Оның төртеуі қарулы күштер сапында. Жалпылама санды айтқандағы мақсатым – өзімді ақтау емес, тек бұл мәселенің ауқымын түсінсеңіздер деп ақталды шенді. Сондықтан мәселені әскерден емес, мектеп жасынан бала психологиясынан жұмыс жасап бастаған жөн дегенге келтірді. Ал ел арасындағы айтылып жүрген әскерде ақша жинау дерегі бойынша ешқандай шағым түспепті.
Бауыржан Арынов, ҚР Қорғаныс министрілігі тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бөлім бастығы:
- ҚР Қылмыстық кодексінің баптарында әскери бөлімдерді тексеретін офицер немесе әскери қызметші заң бұзбауы керектігі айтылғанын еске саламын. Қорғаныс министрлігіне мұндай мәндегі шағымдар түскен жоқ. Ондайға жол бермеу үшін бірқатар алдын алу шаралары жүргізіледі. Тіпті психолог та жұмыс істейді. Әскери қызметшілердің арасында жауынгерлік қызметтің бүкіл мәселесін қамтитын сауалнама жүргіземіз.
Күні кеше ғана Ұлттық ұлан сарбазы, аға сержант Абылай Мерғалиевтің асылып қалғаны туралы ақпар тараған. Содан бір күн бұрын Степногорсктегі әскери бөлімде де қатардағы сарбаздың денесі табылды. Әзірге қорғаныс министрлігі мәселені әскери бөлімшелердің іші-сыртын бақылау камерасына толтыру арқылы шешпек. Және сарбаздың тамыр соғысын бақылайтын арнайы браслет те тағу жоспарда бар екен. Осылайша кімнің суицидке бейім екенін анықтай аламыз дейді олар.
Бұған дейін қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов: «өрімдей жігіттердің өмірден баз кешуіне әскердегі әлімжеттік себеп емес» деп, көпшіліктің сынына ұшыраған. Шендінің тек әскерилерді айыптауы орынсыз деген ойы әріптестерін ақтап алуға әрекетіндей көрінген. Соңғы болған жағдайлардан кейін министрдің өзі тіл қата қоймады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!