Эпидахуал: Asһyq қайтып келді ме?
Asһyq қайтып келді ме? Эпидахуалдың нашарлауына байланысты Үкімет статусты анықтайтын қосымшаны қайтаруы мүмкін. Өйткені вирус жұқтырушылардың саны күннен-күнге көбейіп барады. Қазір күніне екі мыңнан астам адам инфекция тұзағына ілініп жатыр.
Автор: Әзиза Төленби
02.08.2022
Ал тамыз аяқталғанша оның саны демде 4000-ға жетуі мүмкін. Денсаулық министрлігінің болжамы осындай. Қандай жағдайда Asһyq қайтарылады?
Денсаулық сақтау министрлігінің COVID-19 статистикасына жазған сценарийі орындалып жатыр. Бүгін Ажар Ғиният сәл бәсеңсіп қайта күшейген қауіпті кеселдің алдын алу шараларын жіпке тізді. Енді 100 мың тұрғыны бар қалаларда жұқтырушы саны 25 мыңнан 50 мыңға жетсе, бетперде тағу міндеттелмек. Бірақ бұл ереже тек қоғамдық көлік пен жабық мекемелерде сақталады. Ал бизнес субьектілері жұмысын жалғастыра береді.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Екінші кезеңде R-ға қарамастан, яғни 100 мың тұрғынға шаққанда ауруханаға жатқызу көрсеткіші 50-ден астам болған кезде объектілерде Ashyq қосымшасы міндетті түрде пайдаланылады. Көпшілік іс-шараларды өткізуге байланысты бизнес объектілерінің толымдылығы 50 пайызға дейін шектеледі. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында қосымша шектеулер енгізіледі. Ұйымдар қызметкерлерінің 30 пайызы қашықтан жұмыс істеуге ауысады.
Қазір стационарлық емханалардың үштен бірінде Ковид-19 жұқтырғандар жатыр. Демек республикадағы 189 емхананың бес мың кереуеті дайын тұр. Егер өңірлерде бұл көрсеткіш өссе, онда Asһyq қосымшасы талқылаусыз қайтып келеді. Өйткені Ақтөбе, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарында эпидахуал тұрақты емес. Әзірге жалғыз Нұр-Сұлтан қаласы сары аймақта.
Айнагүл Қуатбаева, "Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының" директоры:
- Аурусырқаудың көрсеткіштерінің жоғарылауына, сырқаттанушылық төмендегеніне байланысты масканы тастағанымыз, оқшаулау тәртібін сақтамау себеп, оның үстіне жаз басталғанда қонақшыл боп кеттік. Біз бұрын бармаған елдерге баруға асығып жатырмыз. Мемлекетте әртүрлі штамдардың пайда болып жатқаны белгілі.
Елордалықтардың бейқамдығы бәрін қорқытып отыр. Қашан да іс-шарасы таусылмаған астананың жаздағы күн тәртібі тіпті өзге. Өткен демалыста танымал ойын-сауық кешенінде болған концерт бүгін Үкіметте де айтылды. Жас әншінің әнін естуге жиналған жерде ине шаншар орын жоқ. Эпидахуал өршіп тұрған уақытта мұндай дүрмекті қою керек деп отыр жауаптылар.
Басқа-басқа, бірақ астананың сол жағалауы қашан да ережеге бағынғыш. «Короновирус өршіді» деген ақпарат шыға салысымен, мұндағы жоғары құрылымның бәрі есіктерін қайта құлыптады.
Бүгін Үкіметтегі жалпы отырыс онлайнға бірден көшіп кетті. Ақ жағалылардың тәртіпшіл болғаны халыққа үлгі болып, қарапайым ережелер сақталса игі. Әйтпесе елордалықтар қыркүйекке дейін толастамас шектеулерге тап болуы мүмкін. Ал күзде арқаны қайта кеңге салуға мүмкіндік бар. Бұл да денсаулық сақтау министрілігінің болжамы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!