{metadescription}
Қымбат құрылыс материалдарының мәселесі қалай шешіледі
Қымбат құрылыс материалдарының мәселесі қалай шешіледі

Қымбат құрылыс материалдарының мәселесі қалай шешіледі

Құрылыс материалдардың құны күн санап қымбаттап барады. Шенділер шілде айындағы жылдық инфляция 15 пайызды құрап, елімізде құрылыс материалдары 20 пайызға қымбаттағанын жариялаған еді. Алайда базардағы баға мүлде бөлек.

Кейбір тауарлардың құны екі есеге дейін бір-ақ артқан. Өйткені импорттың жартысынан астамы Ресейге тиесілі. Осылайша ірілі-ұсақты тауарлардың шетелден келуіне байланысты кәсіпкерлер бағаны көтеруге мәжбүр болып, қарапайым халық зардап шегіп отыр. Ал министрліктегілер бұл салаға 2025 жылға дейін 1 триллион теңге бөлетінін айтып уәдені үйіп-төгіп отыр. 

Құрылыс материалдарының қымбаттауынан тығырыққа тірелгендердің бірі – Қазбек Қилыбаев. Жігіт ағасы бес бөлмелі үй салып жатқанына бес жылдан асқан. Құрылыстың бұлай ұзаққа созылуына цементтен бастап шегеге дейін күн санап қымбаттауы себеп дейді. 

Қазбек Қилыбаев, Алматы қаласының тұрғыны:

Немерелеріме үй салып жатыр едім, соны бітіре алмай жатырмыз. Бес жылдан асып барады. Құрылыс материалдарының бәрі қымбат. Цемент те, ағаш та. Үйдің сылағы, үйді жылытатын бумен жылыту, пештер бар. Бәрі қымбат. Қарапайым қазақтардың өзі балашағасы өскеннен кейін там, үй салайын десе, бәрі қымбат.

Қалтадан ұрған баға қарапайым халықты кәдімгідей есеңгіреткен. Саудагерлер де құрылыс материалдарының құны тоқтамай шарықтап бара жатқанын мойындайды. Мәселен, құрылыста сұранысы жоғары пеноплэкстің бағасы бұрын 6 мың теңгеден сатылса, қазір 11-мың теңге. Бір қап цемент 700 теңгеге өсіпті. Кейбір тауар өз елімізде өндірілсе де, шикізаты шетелден жеткізіледі екен.

Нұржан Ерубаев, сатушы:

- Құрылыс бағасы күн сайын өсіп келіп жатыр. Сұрасаң, шикізат жоқ дейді. Ол шикізат шетелден келеді, Ресейден, Польшадан. Сондықтан материал қымбаттап жатыр. Ресей өнімдері қатты қымбаттап жатыр. Осыдан екі ай бұрын баяуларымыз мың жарым теңге болған, қазір 3 мың теңге. 

Елімізде құрылыс материалдарын өндіретін 2578 кәсіпорын жұмыс істейді. 25-і –  ірі, 8-і – орта, өзгесі шағын кәсіпорындар. Алайда саудагерлер кейбір тауарлар өзімізде өндірілсе де, өңірлердің барлығы отандық өніммен  қамтылып жатқан жоқ дейді. Осылайша кәсіпкерлер заттарды шетелден алуға мәжбүр.     

Саян Әбішов, сатушы:

- Биыл Талдықорғанда кафель шығарып жатыр. Бірақ ол Талдықорғанның өзін ғана қамтиды. Бүкіл Қазақстанға жетпейді. Сол себептен шетелден алдырамыз. Қазір Қазақстанға әкелетін кафельдер Өзбекстан, Қытай, Ресейден келеді. Өзбекстанның бағасы арзан. Ал ресейлік кафель бұрын 3500 теңге болатын. Қазір үстінен мың теңге қосылып, 4500 теңгеден жеткізіліп жатыр. 

Индустрия және инфрақұрылым даму министрлігі тек құны жоғары әрі күрделі тауарлар бойынша ғана ішкі нарығымыз импортқа тәуелді екенін айтып отыр. Олар келтірген статистика бойынша өткен жылы импорт өнімнің үлесі 37 пайызды құраса, биыл 32 пайызды ғана құрапты.

Мөлдір Мәкішева, ҚР ИИДМ Индустрия даму комитеті құрылыс индустриясы және ағаш өңдеу өнеркәсібі басқармасының бас сарапшысы:

- Ішкі нарықты құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету үшін министрлік инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша шара қабылдауда. 2025 жылға дейін 1 триллион теңгеге жуық сомаға 157 жаңа жоба жоспарланып отыр.Жоғарыда көрсетілген жобаларды іске асыру біздің Қазақстанда жолға қойылған құрылыс материалдары өндірісінің көлемін ұлғайтуға және неғұрлым импортталатын материалдарды шығаратын және өндірісі жолға қойылмаған, немесе мүлдем жоқ кәсіпорын ашуға мүмкіндік береді.

Жалпы еліміздегі құрылыс материалдары импортының негізгі көлемі Ресейге тиесілі, яғни 57 пайыз. Кейін, Қытай – 13 пайыз, Өзбекстан – 8 пайыз. Министрліктегілер нарықтың барлық қажеттігін отандық тауарлармен жабу мүмкін емес деп отыр. Өйткені біз қазір Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болған соң, нарықта импорттың қандай да бір үлесі бәрібір болады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде